Сот төрелігінің өзекті мәселелері талқыланды

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуге сондай-ақ, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров пен ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров қатысты.

Кездесу барысында Асламбек Мерғалиев сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде кассациялық қайта қарауды қайта форматтау арқылы дербес кассациялық соттарды құруға, судьялардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ететін тәртіптік іс жүргізуді қозғаудың жаңа механизмін енгізуге назар аударды, - делінген Жоғарғы соттың баспасөз хабарламасында.

Өз кезегінде, Райымбек Баталов әкімшілік әділет саласын кеңейтуді қолдайтынын және кәсіпкерлерді сотқа жүгінуге мәжбүрлейтін мемлекеттік органдар тарапынан болатын құқық бұзушылықтарды жою бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар эксаумақтық соттылық институтының әлеуетін дамыту және қылмыстық процесте сот бақылауын күшейту мәселелерін талқылады.

Жеке талқылау электрондық білезіктерді қолдану аясын кеңейтуге арналды. Тараптар күдіктілер мен айыпталушыларға бақылау жасаудың заманауи тәсілдерін пайдалану қамауға алынғандардың санын айтарлықтай азайтып, қылмыстық репрессия деңгейін едәуір төмендететінімен келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды күшейту саласында одан әрі сындарлы ынтымақтастық орнатуға келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы