Сот мүмкіндігі шектеулі азаматты тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттеді
Семей тұрғыны 2016 жылы қауіпті деп танылған ғимараттың үлесіне ие болған. Бұл мүліктің басқа иелері - оның ұлы, бұрынғы әйелі және қызы, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғарғы сотқа сілтеме жасап.
Талап қоюшының қызы ауыр сырқатына байланысты мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде 1993 жылдан бері, ал ұлы 2017 жылдан бері кезекте тұрған. 2019 жылы Семей қаласының әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы оның қызы мен анасына екі бөлмелі пәтер берген. Талап қоюшы әйелімен ажырасқандықтан, ол олардың отбасына қосылмаған және сәйкесінше тұрғын үй алмаған.
2018 жылы ажырасқаннан кейін ІІ топ мүгедегі талап қоюшы «халықтың әлеуметтік осал топтары» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін бөлек кезекке тұрған.
Қазіргі уақытта оның ұлына әйелі мен екі баласымен бірге апатты ғимаратты босату шартымен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегі келген.
Алайда, осы үйдің иесі болып саналатын талап қоюшы да басқа баспанамен қамтамасыз етілмегендіктен және ол ұлының отбасына кірмейтіндіктен, одан шығудан бас тартқан.
Осыған байланысты талап қоюшы денсаулық және отбасылық жағдайына байланысты ұлымен бірге тұра алмайтындығына байланысты әкімдіктен тұрғын үй беруді талап етіп сотқа жүгінген.
Сот жалғыз баспанасы қауіпті деп танылған азаматтардың кезектілік тәртібімен жаңа тұрғын үй алуға құқығы бар екенін атап өтті. Алайда, талап қоюшы осындай тұрғын үйдің иесі болып саналатынына қарамастан "апаттық тұрғын үй" санаты бойынша кезекке қойылмаған, - делінген хабарламада.
"Әлеуметтік жағынан осал топтар" санатындағы кезегі әлі келмегендіктен, оны уақытша баспанамен қамтамасыз етпей шығаруға болмайды. Сонымен қатар, оған ұсынылған нұсқалар оның денсаулық жағдайы бойынша талабына сай келмейді.
Сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, мемлекеттік органға талап қоюшыға уақытша тұрғын үй беруді міндеттеді.