Сотта кінәлілердің бірі Денис Теннің туыстарынан кешірім сұрады

Алматы, Baq.kz, тілшісі. Денис Теннің өліміне күдікті деп танылған Арман Құдайбергенов бүгін сотта жауап беріп, марқұмның туған-туыстарынан кешірім сұрады. 

«Біздің адам өлтіреміз деген ойымыз болмады. Басты мақсатымыз – ақша табу еді. Бұған дейін істі болғандықтан жұмысқа тұра алмадым. Сондықтан айна ұрлауға бардым», -деді А. Құдайбергенов. 

Сондай-ақ ол Нұралы Қиясовпен 2017 жылдың қысынан бері таныс екенін, ал Жанар Толыбаевамен өткен жылдың 29 сәуірінде танысқанын жеткізді.

«18 шілде күні таңнан бері бәріміз бірге жүрдік. Оған дейін Шаңырақ-2 ықшамауданында Нұралының ағасы Сұлтанның үйінде болдық. 18 күні таңертең Нұралыдан аяғым ауыр деп оның қызы келіп шум шығарды. Содан Нұралы ағасымен ұрсысып қалған соң 18 күні кешке бір тәулікке пәтер жалдап, бөлек кеттік»,-деді күдікті.  

Сонымен қатар ол, ақшадан қатты қысылғандықтарын және сол күні кешке танстарын кездестіріп қаламыз ба деген оймен «Ангар» кафесіне барғандарын, одан шығып көшеде такси болғандарын айтып берді. 

«Пәтердің жанына келген соң дүкеннен 4 шөлмек сыра алып көлікте іштік. Сол жерде Нұралының ақшадан қатты қиналып отырғанын көріп, оған ақша табу жолын ұсынып, проблемасын солай шешуге болатынын айттым. Көліктің айнасын шешіп алуды білетінмін, оны интернеттен де қарап көргенмін», -дейді ол. 

Күдіктінің мәліметінше, олар 19 шілде күні пәтер кілтін табыстаған соң көлікпен қалаға шыққан.  

«Жанар көліктің артында телефон шұқылап отырды, ол біздің ұрлыққа баратынымызды білмеді. Құрманғазы көшесі бойымен кетіп бара жатқанда бірнеше қымбат көлікті көрдік. Ақ түсті көліктің айнасын шешіп алып, енді кетіп бара жатқанымда алдымнан Денис Тен шығып қалды. Мен оған айнаны ұстата салып қаша жөнелдім. Бұған дейін Астанада істі болғанмын, енді мынау болса жағдайым ұшығып кетеді деп қорықтым. Сол себепті қашу керек болды», -деді ол. 

Оның айтуынша, Денис қуып жетіп екеуі төбелескен, алайда оған шамасы жетпеген соң белдігін сермеп, оны жасқамақ болған.

«Ол мені жоғары жағымнан ұрған кезде есеңгіреп қалдым. Есімді жиып қарасам Нұралы жанымда тұр. Денис те шок күійнде болды. Бәрі жылдам, 5-6 секундта болды. Біз қаша жөнелдік, қарасам Нұралы пышақты лақтырып жатыр. Неге лақтырдың деп сұрағанымда ол екі рет сұққанын айтты. Қуыстар арқылы қашып, көлікке барып, Жанарды алып Сайран жаққа бардық. Ол өлмейтін шығар деп ойладық. Кейін Денис Теннің өлгенін интернет клубтан білдік», -деді ол.

Сондай-ақ ол, құқық қорғау органдарының мойында деп қысым көрсеткенінен соң Денисті өлтірдім деп мойындағанын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы