Сот Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін лицензиясынан айырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының сақталуына екі рет тексеру жүргізілген болатын. 

Алайда ЖОО ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеттің ұйғарымын орындамаған.

Осыған байланысты Комитет университетті білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айыру үшін сотқа жүгінді. 2020 жылдың 9 қаңтарында Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік соты комитеттің нұсқамасын қанағаттандырып, жоғары оқу орнын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады (шешім әлі заңды күшіне енген жоқ).

Министрлік оқуды жалғастыру үшін студенттерді басқа жоғары оқу орындарына ауыстыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Осы мақсатта жұмыс тобы құрылды. Аудару заңнамаға сәйкес демалыс уақытында жүзеге асырылады. ҚР "Білім туралы" заңының 42-бабы 2-тармағына сәйкес білім беру ұйымы білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан айырылған немесе таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыруға шаралар қолданады, - делінген хабарламада.
2020 жылдың 1 ақпанына дейін ҚР БҒМ-мен қабылданған шешім бойынша қосымша хабарланатын болады.

Студенттердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасына назар аударуларыңызды сұраймыз. Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша Университеттің білім беру қызметінде өрескел бұзушылықтар анықталған болатын. Атап  айтқанда, талапкерлерді шығармашылық емтихандарсыз, 086-У нысанындағы медициналық анықтамасыз, ҰБТ сертификатының түпнұсқасынсыз және бейінді пәндерді есепке алмай қабылдау фактілері анықталған. Сондай-ақ, сабақ кестесін сақтамау фактілері анықталды, - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы