Сотталғандарды жұмыспен қамту үшін 40-қа жуық шағын және орта бизнес тартылған

Шымкент, BAQ.KZ. ҚР ІІМ орынбасары Арыстанғани Заппаров Шымкент қаласы және Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменттеріне қарасты мекемелердегі қызметтің ұйымдастырылуын тексерді.

Министрдің орынбасары салалық үкіметтік емес ұйымдар өкілдермен бірге сотталғандарды ұстайтын отрядтар мен камераларды аралап көрді. Сондай-ақ арнайы контингентті ұстаудың тұрмыстық жағдайларын, сапалы медициналық-санитарлық көмек көрсету, сотталғандардың тамақтануы және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселелерін қарады.

Сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселесі өзекті. Сондықтан министрдің орынбасары мекеме аумағында жұмыс істейтін өндірістік учаскелерге ерекше назар аударды.

"Қазіргі уақытта Шымкент қаласы және Жамбыл облысы ҚАЖ мекемелеріне 36 шағын және орта бизнес субъектілері тартылды. 17 өндірістік учаске ұйымдастырылды. Ол жерде 1522 сотталған азамат ағаш өңдеумен, жиһаз, тігін, дәнекерлеу, кәдесый бұйымдарын дайындаумен, тамақ өнімдерін өндірумен және мал шаруашылығын дамытумен айналысады", - делінген хабарламада.

Аталған өңірлердің барлық мекемелерінде А. Заппаров сотталғандармен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің алдағы реформасы туралы айтты. Кодекстегі жаңа өзгерістер бойынша сотталғандарға сәлем-саухатты 20 кг-ға дейін (бұрын 15 кг-ға дейін), жақын-жуық, туған-туысқандарының қоңырау шалуын сағат 21:00-ге дейін (бұрын сағат 18.00-ге дейін) ұзарту жоспарланып отырғанына айырықша тоқталды.

"Сотталғандарды жеке қабылдау қорытындысы бойынша ҚАЖ департаменттерінің басшылығына шағын және орта бизнесті тарта отырып, арнайы контингент үшін қосымша жұмыс орындарын құру тапсырылды. Сондай-ақ сотталғандардың құқықтарын, жазаларды орындау саласындағы заңнаманы әкімшіліктің және қызметкерлердің мүлтіксіз сақтауына қадағалауды күшейтуді міндеттеді", - деп хабарлады министрлікте.

Тексеру кезінде анықталған барлық фактілер бойынша министрдің орынбасары кемшіліктерді жоюға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы