+18

S.O.S: Астанада қазіргі күннің үлкен проблемасы туралы драма сахналанды

Астана қаласы әкімдігінің "Музыкалық жас көрермен театры" 2024 жылдың 20, 21 желтоқсан күндері жазушы, драматург Мадина Омарованың "S.O.S" атты драма жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Драманың қоюшы режиссері Мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.

Театр сахнасында қойылған бұл дарамада қазіргі күннің ең үлкен проблемаларының бірі – есірткі шырмауына түскен жастар тағдыры туралы баяндалды. Айта кетейік, аталған драма өмірде шынайы болған оқиға желісі бойынша қойылған.

Қойылымның сюжетіне тоқтала кетер болсақ, әкесі өмірден ерте озып, ауруға шалдыққан анасы мен жалғыз қарындасын асырау үшін кез келген жұмысты істеуге дайын тұрған Айбар есірткіні қолдан жасап, тарататын, сататын үлкен топтың арасынан бір-ақ шығады. Отбасын құрылыста жұмыс істеп, көп ақша тауып жүрмін деп алдаған жігіт үйіне дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешек әкеліп, сондай-ақ қарындасына түрлі қымбат сыйлықтар сыйлап, ерекше қуантып жүреді.

Олардың өмірі бұрын өздері армандағандай сондай әдемі, ғажайыпқа толы сияқты өте берер ме еді, егер Айбардың сол "керемет" жұмысында бір проблема туындамағанда...

Айбардың қарамағында есірткі таратумен айналысатын (закладчик) бір жігіт полицейлерге ұсталып қалады. Бастықтары Айбардың өзін соған кінәлап, сатқын деп жазаламақ болады. Қанша ақталуға тырысқанымен, оған ешкім сенбейді, тіпті барлығы оған қарсы жабыла кетеді. Егер оның сөзі рас болса, өзінің туған қарындасы Айбаршаға есірткі тартқызып, оны видеоға түсіріп жіберуді бұйырады. Ал егер олай жасамаса, алдымен қарындасын, сосын Айбардың өзін де өлтіреміз деп қорқытады.

Амалы таусылған жігіт үйіне келіп барлық жағдайды қарындасына толық баяндап береді. Есірткі дәмін көруден Айбарша алдымен үзілді-кесілді бас тартқанымен, сосын ағасы үшін тек бір рет қана қолданып керуге келіседі. Міне осылайша бал-бұл жайнаған, жалындаған жастық шағында студент қызды туған ағасы есірткі әлеміне жетектеп кіргізеді.

Ағасы Айбар 15 жылға түрмеге тоғытылса, қарындасы Айбарша есірткісіз күн көре алмайтындай халге түседі. Өзегін өкініш кернеген жігіт көпшілікке "Есірткі әлеміне кірер жол бар да, одан қайта кері шығатын жол жоқ" екенін түсіндіріп, егер оған екінші өмір берілсе, дәл осы жолды ешқашан таңдамайтынын айтты.

Драманың қоюшы режиссері Аман Ғұмаровтың сөзінше, театрдың актерлері бұл қойылымды бір айдың ішінде дайындап шыққан.

Бұл қойылымды сахналауға арқау болған бәріміз де күнделікті естіп, көріп, біліп жүрген есірткі мәселесін тек оймен, сөзбен, әңгімемен ғана емес, осындай бір оқиға желісінде алып, сахналап, көреременге ұсынсақ деген ой болды. Оңай жолмен ақша табуға қызықпай, барымызды бағалап, дұрыс жолмен жүріп, адал еңбекпен ақша тапқан әлдеқайда жақсы екенін түсіндіруге тырыстық. Бұл драманы жастар, әрбір ата-ана көрсе екен деген тілегіміз бар. Бағасын көпшілік бере жатар, - деді Аман Ғұмаров.

Режиссер егер еліміздің өзге өңірлерінен шақырту болып жатса, театр ұжымы баруға дайын екенін айта кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы