Бүгiн 2026, 18:55 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Сөре мен шындық: Бекітілген баға мен базардағы айырмашылық қандай?

BAQ.KZ тілшісі арнайы рейд жұмыстарына қатысып, базар бағамын бақылап қайтты.

Елімізде бір отбасы ай сайын азық-түлікке орта есеппен 200 мың теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Осы шығынның айтарлықтай бөлігі күнделікті тұтынатын негізгі өнімдерге кетеді. Ал мемлекет бекіткен 31 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі бар. Бұл тізімдегі тауарлардың бағасы тұрақты болуы тиіс.  BAQ.KZ тілшісі осы талаптың қаншалықты орындалып жатқанын тексеріп көрді.

Комиссия бақылауы: ондаған заңбұзушылық анықталған

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Олар делдалдық схемаларды анықтап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді көздейді.

Биылдың өзінде осындай комиссиялардың 32 отырысы өтіп, нәтижесінде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда үстемесінің 15 пайыздан асуына қатысты 83 фактіні анықтаған. Заңбұзушылықтарға байланысты жалпы сомасы 1 миллион 1 жүз мың теңгеге әкімшілік жаза қолданылған.

Бұл тексерістерге бізбен бірге комиссия мүшелері де қатысып, сауда орындарындағы нақты жағдайды бірге бақыладық.

Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Базардағы баға: ет қаншалықты қолжетімді?

Қазақстандықтардың азық-түлік шығынының үштен бірі етке тиесілі. Сондықтан алдымен базардағы ет бағасын бақыладық.

Сатушылардың айтуынша, баға өнім түріне байланысты өзгеріп отырады. Қазіргі таңда сиыр еті орта есеппен 3700-3900 теңге аралығында сатылып жатыр.

Сүт өнімдері де бақылауда

Биыл әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне сүт өнімдері мен сары май да енгізілді. Демек, бұл тауарлардың бағасы да мемлекет бақылауында болуы тиіс.

Биылдан бастап сүт, қаймақ өнімдері де әлеуметтік азық-түлік қатарына енді. Сондай- ақ сары майды еніп отыр. Біз кеше ғана аралап өттік. Баға тұрақты. Кәсіпкерлер баға өсіріп, қымбаттататын мүмкіндік жоқ, себебі бәсекелестік жоғары,- дейді 
Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Супермаркеттердегі жағдай қандай?

Базармен шектелмей, біз ірі супермаркеттерді де аралап көрдік. Өйткені мұнда баға саясаты бөлек қалыптасады.

Бақылау барысында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы әртүрлі екені байқалды. Кейбір тауарлар белгіленген шекті деңгейден аспаса, енді бірінде баға төмен деңгейде сақталған.

Кәсіпкерлерге талап қаншалықты ауыр?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Нұрлан Нұрмағамбетовтың айтуынша, сауда үстемесінің 15 пайыздан аспау талабы кәсіпкерлер үшін аса үлкен қиындық тудырмайды.

Басында жеке дүкендерден шағым көп түсетін, бірақ түсіндіру жұмыстарынан соң, түсіп жатқан жоқ,-дейді ол.

Бұл талап нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға және бағаны тұрақтандыруға бағытталған.

Тұрғындар не дейді?

Біз бірнеше дүкен мен базарды аралап қана қоймай, тұрғындар арасында блиц-сауалнама жүргіздік.

Көпшілік бағаның қымбаттағанын айтып, күнделікті шығынның артқанын жеткізді. Кейбірі табыс көлемі өзгермегенін, ал бағаның өсуі отбасылық бюджетке салмақ түсіріп отырғанын атап өтті.

Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің құнын тұрақты бақылау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ал оның нақты қалай орындалып жатқаны – үнемі тексеруді қажет етеді.