Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: ТЖМ ресми мәлімет айтты
Сорбұлақта тікұшақ жоғалып кеткен болатын. Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев іздестіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сорбұлақта жоғалған тікұшақтың басқа жерде құлауы мүмкін деген нұсқалар қарастырылып жатыр ма? Іздестіру жұмыстары басқа аймақтарда жүргізілуі мүмкін бе? – деп сұрады БАҚ өкілдері.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың сөзінше, 25 шілдеде ТЖМ Қорғаныс министрлігінен хабар алған сәттен бастап жедел іздестіру жұмыстарын бастап кеткен.
Бізге берілген бағытты тікұшақтармен тексеріп, Сорбұлақ өзенін қарадық. ГСМ-нің ізі болғанын байқап, кешке қарай Сорбұлақ өзенінің шетінде жатқан тікұшақтың бөлігін таптық. Сол жерде штаб құрып, сол жерде жұмыстарды бастадық. Қазір 10 күнге жуық уақыт өтті. Сорбұлақтың 50%-ын тексердік. Жұмыстардың барлығы Қорғаныс министрлігінің басқаруымен өтіп жатыр, - деді ТЖМ өкілі брифингте.
Айтуынша, ТЖМ іздестіру жұмыстарына күш құралдарын берген.
Қазір таңнан күн батқанға дейін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді ол.
Тұрсынбаев бүгінде тікұшақтың қанша бөлігі табылғаны жайлы сұраққа әлі жауап бере алмайтынын айтты. Себебі Көлік прокуратурасы осы оқиға бойынша іс қозғаған, тікұшақтың табылған бөліктері прокуратурада.
ТЖМ іздестіру жұмыстары күш жеткілікті екенін атап өтіп, металл іздеу құрылғысымен қалған бөлігін іздеп жатқаны жайлыв қоса кетті.
Судың тереңдігі 5 метрден 25 метрге дейін. Батпақ та бар. Су тіпті бір метр жерден де көрінбейді, өйткені лай. Сондықтан әр метрді қалдырмай, тексеріп жатырмыз, - деп сөзін толықтырды Кеген Тұрсынбаев Үкіметте.
Еске салайық, бұған дейін ЕС-145 әскери тікұшағының жоғалып кеткені туралы жаздық.
26 шілде күні Алматыда жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылды. Оны іздеу жұмыстарына операцияға 400-ге жуық адам, кейін тағы бес әскери бөлім жұмылдырылғаны да белгілі болды.
"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыштың жары жұрттың жүрегін елжіретті.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.
Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасып жатқаны жайлы да жаздық.