Сорбұлақтағы тікұшақ апаты: екінші әскеридің денесі табылды

Сорбұлақтағы тікұшақ апаты болған жерден екінші адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

EC-145 тікұшағы құлаған аймақта іздестіру-құтқару іс-шараларының жалғасуы барысында екінші адамның денесі табылып, судан шығарылды.

Қазіргі уақытта құзыретті органдардың қатысуымен анықтау рәсімі жүргізіліп жатыр.

Іздеу жұмыстары Қорғаныс министрлігінің, ТЖМ, ІІМ және басқа да ведомстволардың барлық қажетті күш-құралдарын жұмылдыра отырып, тәулік бойы іске асырылуда, - деп атап өтті ведомстводан.

Бұған дейін министрлік іздеу жұмыстары су астындағы көрінудің нашарлығы мен лайлы тұнбалардың болуына байланысты күрделене түскенін айтқан. Бұл сүңгуірлер мен инженерлік бөлімшелердің жұмысын айтарлықтай баяулатады. Қиын жағдайға қарамастан, жұмылдырылған барлық күштер операцияны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін үйлесімді әрі мақсатты түрде әрекет етуде.

Еске салайық, кеше апат болған жерден бір адамның мәйіті табылды.

25 шілдеде ЕС-145 әскери тікұшағы жоғалып кетті.

26 шілде күні Алматыда жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылды. Оны іздеу жұмыстарына операцияға 400-ге жуық адам, кейін тағы бес әскери бөлім жұмылдырылғаны да белгілі болды.

"Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды" деп жоғалған тікұшақтағы жас ұшқыштың жары жұрттың жүрегін елжіретті.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстарының барысымен жеке танысты.

Жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда тоқтаусыз жалғасып жатқаны жайлы да жаздық.

Ал Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев іздестіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігі
Өзгелердің жаңалығы