Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі есе өсті – Асхат Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Ұлттық биотехнология орталығының ғимаратында ғылым саласының үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шарада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылым саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауға тоқталды.

Өздеріңіз білетіндей, бұл конкурс биыл бірінші рет өткізілді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Президенттің қолдауының арқасында ғылым саласында 10 жылдан бері көтеріліп жүрген түйіткілді, маңызды мәселелер өз шешімін тауып келеді, - деді министр.

Аймағамбетов жақында ғана арнайы заң қабылданғанын да атап өтті.

Ғылымды қаржыландыру уақытын 3 жылдан 5 жылға дейін созу мәселесін әріптестеріміз 10 жыл бойы көтеріп жүрген болатын. Соның ішінде фундаменталдық, іргелі ғылымдар бойынша ғалымдарды, институттарды үздіксіз қаржыландыру мәселесі шешілді. Енді институттар тұрақты жалақы алып, жұмыстарын, зерттеулерін жалғастыра алады. Бұл еліміз үшін өте маңызды шешім. Одан бөлек, базалық қаржыландыру бар. Мұнда нағыз жұмыс істейтін ғалымдардың жалақы алу мәселесі біраз жыл бойы көтерілген болатын. Енді бұл мәселе шешімін тауып, ғалымдарымыз биылдан бастап жалақыларын үздіксіз алып отыратындай жағдай жасалып отыр, - деді министр.

Сонымен қатар ғылымды басқару саласында да өзгерістер барын айтты. Соның ішінде әртүрлі бюрократиялық кедергілерді алып тастау, конкурстарды жыл сайын өткізу, ғылымды қаржыландырудың ашықтық мәселелері бойынша.

Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі есе өсті. Жалпы ауыз толтырып айтар оң өзгерістер бар. Басқа да оң өзгерістер арқылы ғылым саласын дамытамыз деп ойлаймын, - деп министр ғалымдарды құттықтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы