Инклюзивті білім алатын балалар саны өсіп келеді – Аймағамбетов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметте өткен онлайн отырыс кезінде айтты.
Министрдің айтуынша, ерекше білімге қажеттілігі бар азаматтардың 160 мыңнан астамы білім алуда. Жыл сайын инклюзивті білім алатын балалар саны өсіп келе жатыр. Олар үшін жалпы білім беру ұйымдарында жағдай жасалуда. Сәйкесінше, арнайы мектептер мен арнайы балабақшалардағы балалар саны азаюда.
Жалпы білім берудің барлық деңгейлеріндегі ұйымдарда, балабақшалардан бастап докторантураға дейін осы санаттағы азаматтар бүгінгі күні оқып жатыр. Ерекше білімге қажеттілігі бар балалардың басым көпшілігінің психикалық дамуы тежелген. Екінші орында сөйлеу қабілеті бұзылған балалар, одан кейін ақыл-есінің тежеуі бар балалар. Одан басқа тағы алты санаттағы балалармен жұмыс жүргізіледі. Соңғы жылдары аутистикалық ауруларға шалдыққан балалардың саны артуда, - деді министр.
Министр ерекше балалар үшін жағдайларды жақсартудың басты міндеттеріне тоқталды.
Ең алдымен олардың ерекшеліктерін және ауытқуларын ерте анықтауды қамтамасыз ету, екіншіден ерте түзетуге мүмкіндік беріп, реабилитациямен қамту, үшіншіден инклюзивті білім берумен қамтуды ұлғайту, төртіншіден кедергісіз ортаны қалыптастыру, бесіншіден оқу-әдістемелік сүйемелдеуді жетілдіру, педагогтердің әлеуетін арттыру. Аталған мәселелерді шешу бойынша нақты көрсеткштер бекітілді.
Осы ретте Аймағамбетов бірнеше маңызды бағытты атап өтті.
Кедергісіз орта құру бойынша қазіргі күні балабақшаларда 31%, мектептерде 70%, колледждерде 45%, ЖОО-ларда 30%-інде ғана жағдай жасалған. Бұл жеткіліксіз. 2025 жылға дейін балабақшаларда 70%-ке, мектеп, колледж бен ЖОО 100%-ке қол жеткізу жоспарланған. Келесі мәселе – ерекше балаларды бір немесе екі жаста болған кезінде зерттеп, ауытқуларын анықтау және оларға нақты бағдарламаны бекіту. Көп жағдайда өкінішке қарай, балалардың осындай ерекшеліктері мен ауытқулары өте кеш анықталып жатады. Соның салдарынан уақытылы көмек көрсетілмегеннен кейін бұл балалардың денсаулығын ары қарай түзеуде қиындық туындайтыны анық. Осы проблемаламен айналысатын арнайы психологиялық орталықтарды арттыру қажет. Тағы бір сұрақ – инклюзивті білімді дамыту. Осы ретте инклюзияны қолдау барысында қабылдаған мектептерге төленетін қаржыны екі есеге көбейттік. Яғни ерекше баланы мектеп оқуға алса, онда сол мектеп басқа балалардың сомасынан екі есе көп ақша алады, - дейді министр.
Аймағамбетов Парламентте инклюзивті білім беру бойынша арнайы заң жобасы қаралып жатқанын айтты.