Соңғы жылдары Ақтөбеде 500-ден астам жетім бала үйлі болды

Ақтөбе облысында 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тіркеуде тұр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазір облыста Балалар үйі жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын жабылған. Нақтырақ айтсақ, 

тәрбиеленушілер санының азаюына байланысты 2019 жылы Алға облыстық балалар үйі, ал кейінгі жылдары Темір, Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлері өз жұмысын тоқтатқан. 

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының міндетін  атқарушы  Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы  және «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында білім беріледі.

Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына 2020-2022 жылдар бойынша 358 бала орналастырылды. Осы уақыт аралығында анықталған балалардың ішінен туған отбасына 326 бала қайтарылды, арнайы түзету мектебіне 7 бала жіберілді, қорғаншылыққа 13 бала берілді, қалған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 12 бала мекемеде тәрбиеленуде. Орталық мамандары тарапынан келіп түскен балаға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, балалардың ата-аналарымен тығыз жұмыстар жүргізіледі. Соңғы үш жыл бойынша әлеуметтік жетімдіктің  алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 326 бала туған отбасына қайтарылды. Бүгінде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін білім беру ұйымдарында 328 әлеуметтік педагог, 510 психолог, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын 18 маман жұмыс істейді, — дейді ол.

Оның айтуынша, елімізде 2016 жылдан бастап жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған республикалық деректер қоры бар. Аталған қорға отбасыларға орналастырылатын балалар туралы ақпарат орналастырылады. 

 Облыста жыл сайын бала асырап алғысы келетін азаматтарды қолдауға және тартуға бағытталған түрлі шаралар өткізіледі. Отбасына жетім баланы тәрбиелеуге алған азаматтарды материалдық қолдау мақсатында қолданыстағы заңнамаға сәйкес патронаттық тәрбиешіге 70 балаға ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 теңге) мөлшерінде жетім балаларды күтіп-бағуға арналған ақшалай қаражат пен 80 000 теңгеден 130 000 теңгеге дейінгі аралықта (жұмыс өтіліне, біліктілік санатына қарай) жалақы төленеді. 2011 жылдан бері қорғаншылар мен қамқоршыларға жетім баланы күтіп-бағу үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді. Қазіргі уақытта жәрдемақы қамқоршылықтағы және қорғаншылықтағы 679 балаға беріледі, — дейді басқарма басшысы.

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтуға байланысты игілікті іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мысалы, Ақтөбеде 2016-2020 жылдары аралығында арнайы бағдарлама шеңберінде 431 жетім бала қоныс тойын тойлады. 2021-2022 жылдары өңірде осы топтағы балаларға 81 пәтер берілген. Бүгінде облысымызда 16-29 жас аралығындағы жетім балалар «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Олардың саны — 62. Оның ішінде 26–сы студент болса, 36-ы — жұмыс істейтін жастар. Бұл орталықта мемлекет тарапынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Облыстық білім басқармасы тарапынан да мұндай балаларға жан-жақты қамқорлық көрсетіліп, қолдау шаралары жүргізіліп отырады, — дейді Н.Бертілеуова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: tolqyn.kz.
Өзгелердің жаңалығы