21 Ақпан 2026, 16:48 Фото: pixabay.com

Соңғы үш жылда Жамбыл облысындағы жануарлар дүниесіне 65 млн теңге зиян келтірілген

Жамбыл облысында жануарлар дүниесін қорғауға арналған акция өтті.

Жамбыл облысының табиғаты флорасы мен фаунасының байлығымен, көрікті қорық аймақтарымен ерекшеленеді. Өңірде туризмнің әртүрлі бағыттарын, соның ішінде аңшылық пен балық аулауды дамытуға бірегей мүмкіндіктер бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс аумағындағы табиғи қорықшаларда жойылып кету қаупі бар, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың 17 түрі мекендейді.

Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде рейдтік іс-шаралардың қорытындысы бойынша уәкілетті органдар 553 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Жануарлар дүниесіне, оның ішінде сирек және жойылып бара жатқан түрлерге келтірілген залал 65 млн теңгеден асқан.

Осыған байланысты аңшылық әуесқойларының экологиялық мәдениетін арттыру, биологиялық алуан түрлілікті сақтау және жануарлар дүниесін заңсыз аулаудың алдын алу мақсатында өңірде табиғат қорғау прокурорларының бастамасымен браконьерлікке қарсы акция ұйымдастырылды.

Акция аясында уәкілетті және құқық қорғау органдары профилактикалық рейдтер өткізіп, тұрғындармен және аңшылық шаруашылығы өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды.

Браконьерлік үшін жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қатысушыларға жануарларды заңсыз аулағаны, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерді жойғаны, сондай-ақ табиғатқа зиян келтіргені үшін көзделген жазалар түсіндірілді.

Ұйымдастырушылар браконьерліктің экожүйеге орны толмас зиян келтіретінін, табиғи тепе-теңдікті бұзатынын және болашақ ұрпаққа қауіп төндіретінін атап өтті.

Акцияға 200-ден астам аңшылық әуесқойы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті және тұрғындарды жануарлар дүниесін бірлесіп қорғауға шақырды.

Браконьерлік деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.