20 Қараша 2026, 15:22 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Соңғы үш жылда азық-түлік өндірісі 15%-ға жуық өскен – Мемлекет басшысы

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру қажет екенін атап өтті. 

«Бұл мәселе бойынша көп әңгіме айтылып жатыр. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішінде өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал, ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет. Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосу өзекті мәселе болып отыр. Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды. Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, бұған дейін Президент азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде климаттық сын-қатерлерді ескеру қажет екенін айтты.