Соңғы қоңырау. Түлектерге сәт сапар!
Елордада №8 мектеп-лицейінің оқушылары үшін соңғы қоңырау үні сыңғырлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы қоңырау жиынына жиналған оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар алдымен сап түзеп, Мемлекеттік Әнұранды орындады.
№8 мектеп-лицейінде биыл екі сынып мектепті бітіріп, жас түлек атанып жатыр.
Оқушылар сынып жетекшілерімен бірге ортаға шығып, сапқа тұрды.
Жиында бастауыш сыныптың оқушылары жас түлектерге сәттілік тілеп, ән арнап, би биледі.
Сонымен қатар түлектердің үлкен өмірге қадам басуына қолдау көрсетуге ата-аналар қауымы да жиналған.
Жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, балаларға жылы лебізін білдірді.
Ал мектеп директоры Гүлнұр Ерсайынқызы балаларға сәт сапар тіледі.
Бүгін 1 маусым – Балаларды қорғау күні баршамызға құтты болсын. Балалар өздерің білетіндей, мектебіміз құндылыққа толы. Сендерге мектеп табылдырығын аттағаннан одан шыққанша, әр сабақ сайын, әр сағат сайын тек қана құндылық туралы сөз айтылды, әңгіме қозғалды, әртүрлі іс-шаралар жүргізілді. Міне, осы құндылықтың барлығын алдағы өмірлеріңде өз эмоцияларыңызды сақтай отырып, мәдениетті тұлға болып қалыптасуларыңа тілектеспін. Мектебіміздің атын асқақтата беріңдер. Болашаққа сәт сапар, - деп айтты мектеп басшысы.
Директор мектепте барлық материалдық-техникалық жағдай жасалғанын айтып, балалар білім алғанын айтты.
Жиында ата-аналар да балаларына ізгі тілектерін білдірді.
Мектептің ата-анасы Еркін Исабеков те балаларға еліміздің атын асқақтата беріңдер деген тілегін айтты.
Бүгінгі ерекше күнмен шын жүректен құттықтаймын. Білім бойларыңа толық сіңіріп, еліміздің рухани бай азаматы болуларыңызға тілектеспін. Әлпештеп өсірген, бар білімдерін беріп, тәрбиелеген ұстаздардың үмітін ақтаңыздар. Қайда жүрсеңіздер де, еліміздің атын паш етіп, биіктен көрсете біліңдер. Ақ жол! – деп ата-ананың бірі жылы сөзін айтты балаларға.
Онымен қоса 10-сынып оқушылары да дәстүр бойынша жас түлектерді шығарып салуға келіп, тілектерін айтты.
Алдағы емтиханнан және ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспіз. Сәт сапар! – деді 10-сынып оқушылары.
Өз кезегінде 11-сынып түлектері іні-қарындастарына рақмет айтып, өздері бастаған игі бастамаларды мықты достық пен ұйымшылдықтың арқасында жалғастыратындарына сенім білдірді.
Өмірден лайықты орын алу үшін күресейік, достар. Алтын ұя мектебіміз бен аяулы ұстаздарымыз, сіздерді ұмытпаймыз. Жүрегімізде мәңгі ұстаймыз. Ұстаздар сіздердің еңбектеріңіз үшін шексіз алғыс білдіреміз, - деді жас түлектер.
Биыл №8 мектеп-лицейін 42 жас түлек тәмамдап жатыр. Түлектер білім кілтін өздерінен кейінгі 10-сынып оқушыларына тапсырды.
Жиында 11-сыныптың және 1-сыныптың оқушылары соңғы қоңырауды соғып, алаңды айналып өтті.
Кейін жас түлектер соңғы вальсті биледі.
Биыл барлық білім беру ұйымында оқу сабақтары 31 мамырда аяқталғанын еске сала кетейік.
Осы оқу жылында 9-сыныпты 18 443 оқушы, 11-сыныпты 9 539 түлек аяқтады. 9-сыныптың қорытынды емтихандары 2023 жылғы маусымның 2-13 жұлдызы аралығында, ал 11 және 12-сыныптың оқушылары мемлекеттік емтихандарды 5-19 маусым аралығында тапсырады.