Соңғы қоңырау: Мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға рұқсат етілмейді

Бұл туралы Жамбыл облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітірушілерге салтанатты іс-шараны міндетті түрде мектеп қабырғасында және алаңында өткізу міндеттеледі. Оқу-жылының қорытындысында өткізілетін жиынның мақсаты - балаларды ұстаздарды құрметтеуге, ұшқан ұясына қамқор болуға, алған білімдерін пайдалана алуына, әрбір істің нәтижесін қорытындылай білуге, адал азамат болуға тәрбиелеу, - деді басқарма өкілі.

Мұхит Нысанбаев әр мектепке салтанатты шараны креативті идеяларымен ерекше форматта өткізу ұсынылатынын айтты. Мысалы, 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың фотоларынан слайдшоу әзірлеп, көрсету, бір-біріне арнау жасау, тілек айту, ұстаздар мен білім ұясына алғыс айту әнін орындау, өлең оқу, ата-аналарына 11 жыл бойы алған өнер-білімдерін паш ету секілді барынша жүректен жүрекке жетер креативті идеялармен өткізу ұсынылады.

Сондай-ақ ол салтанатты шараны ұйымдастыру кезінде не нәрсеге рұқсат етілмейтінін атап өтті:

- мерекелік шараға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға;

- мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға;

- жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойына экскурсиялар өткізуге;

- әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейтіндігін қатаң ескертеміз!

Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 24-25 мамыр күндеріндегі іс-шараларды өткізу туралы ұсынымдардың білім мекемелеріне таратылғанын, балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-аналар чаттарына жадынамалар жолданғанын хабарлаймыз, - деп айтты өңірдің білім басқармасы басшысының орынбасары.

Сонымен қатар басқарма іс-шараларды өткізу барысында ата-аналар тарапынан жауапкершілік танытудың маңыздылығын есте сақтауды сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы