Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде қандай шараларға тыйым салынған?
Демалыс орындары мен табиғат аясында ұйымдастырылатын шараларға да тыйым салынды.
Қазақстанда 2025–2026 оқу жылының аяқталуына байланысты мектептерде өтетін бірқатар іс-шараларға тыйым салынды. Бұл туралы білім саласына жауапты органдар мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, оқу жылының аяқталуы – оқушылар үшін қуанышты кезең болғанымен, осы уақытта балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
Қандай іс-шараларға тыйым салынды?
Білім беру ұйымдарында:
- бітіру кештерін,
- банкеттерді,
- автокортеждерді,
- таңды қарсы алу шараларын,
- алау жағу кештерін өткізуге болмайды.
Сондай-ақ мейрамхана, кафе, банкет залы, асхана, демалыс орындары мен табиғат аясында ұйымдастырылатын шараларға да тыйым салынды.
Ата-аналардан ақша жинауға болмайды
Құзырлы органдар мектептерде оқушылардан немесе ата-аналардан ақша жинауға жол берілмейтінін ескертті.
Атап айтқанда:
- мерекелік іс-шараларға,
- сыйлықтарға,
- түрлі жарналарға ақша жинауға тыйым салынады.
Бұл талаптар ата-аналарға артық қаржылық салмақ түсірмеу үшін енгізілген.
Оқушылар қауіпсіздігі басты назарда
Мамандар ата-аналарға, мұғалімдерге және оқушыларға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Әсіресе:
- жол қозғалысы ережелерін сақтау,
- түнгі уақытта балаларды қараусыз қалдырмау,
- су айдындары маңындағы қауіпсіздікке мән беру маңызды екені айтылды.
“Заң мен тәртіп” идеологиясына басымдық беріледі
Ресми мәліметке сәйкес, мектептерде қаржылық шығынды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс.
Бұл шаралар “Заң мен тәртіп” идеологиясын насихаттауға бағытталады.
Сонымен қатар тыйым салынған талаптардың сақталуын тиісті органдар қатаң бақылауға алатыны хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін “Соңғы қоңырау” атауының өзі өзгеріп жатқаны, биыл мектеп бітіру кештері қалай өтетіні хабарланды.