Бүгiн 2026, 11:00 Фото: Ақорда

“Соңғы қоңырау” атауының өзі өзгеріп жатыр: Биыл мектеп бітіру кештері қалай өтеді?

Мектептен тыс қымбат кештерге тыйым салынды. Алайда қоғамда бұл шешімге қатысты пікір екіге бөлінді: бірі қауіпсіздік пен шығынды азайтуды қолдаса, енді бірі түлектердің өміріндегі маңызды сәтті шектемеу керек деп санайды.

25 мамыр жақындаған сайын мектеп бітіру кешіне қатысты мәселе қайтадан қоғам талқысына шықты. Биыл Оқу-ағарту министрлігі қымбат ресторандарда, коттедждерде және мектептен тыс жерлерде өтетін салтанатты кештерге шектеу қойып, қауіпсіздік пен артық шығынның алдын алуға басымдық беріп отыр. Алайда қоғамда бұл шешімге қатысты пікір екіге бөлінді: бірі мұндай талаптарды қолдаса, енді бірі түлектердің өміріндегі маңызды сәтті шектемеу керек деп санайды. BAQ.KZ тілшісі депутаттармен, педагогтермен және ата-аналармен сөйлесіп, мектеп бітіру кештеріне қатысты көзқарастарды саралап көрді.

Қазақстанда биыл мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі тағы да қоғам талқысына түсті. Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылын аяқтауға байланысты ұсынымдар әзірлеп, мектептерге қымбат мейрамханаларда, коттедждерде, демалыс орындарында және табиғат аясында салтанатты кеш өткізуге тыйым салды. Сонымен қатар лимузин жалдау, аниматор шақыру, кортеж ұйымдастыру, мұғалімдерге қымбат сыйлық беру және ақша жинау мәселесіне де шектеу қойылды.

Министрлік бұл шешімді ең алдымен балалардың қауіпсіздігімен, әлеуметтік теңдікпен және мектеп бітіру кештерінің шамадан тыс даңғаза сипат алып кетуімен байланыстырып отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл мектеп бітіру іс-шаралары бірыңғай форматта өткізіледі. Сценарийлер мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық тәртіп қағидаттарына негізделеді.

Сондай-ақ министрлік ұсынымына сәйкес, түлектер кешінде оқушылар міндетті түрде мектеп формасын киюі тиіс.

Ал ережені бұзған жағдайда мектеп директорларына тәртіптік шара қолданылуы мүмкін.

«Қатаң тыйым бәрін шешпейді» – Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты қоғамда тек тыйым арқылы шешім іздеу дұрыс емес екенін айтады.

Оның пікірінше, мемлекет отбасылық және жеке шешімдерге шамадан тыс араласпауы керек.

Біз мынаны түсінуіміз керек, отбасының мәселесіне, жеке азаматтардың мәселесіне мемлекеттің араласа беруі, негізі, жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан заң аясында мектеп бітіру кештерін қалай өткізу керек деген нақты нормаларды енгізбеуіміз керек деп ойлаймын. Бұл қажет емес, – деді депутат.

Аймағамбетовтың айтуынша, мәселенің екінші жағы да бар. Егер мектептерге толық тыйым салынса, онда оқушылар бақылаусыз жағдайда басқа форматта жиналуы мүмкін.

Егер қатаң тыйым салсақ, онда ол іс жүзінде орындалмайды. Кейбір жағдайда балалар коттедж жалдап, ешқандай қадағалаусыз кеш өткізеді. Бұл да қауіп. Сондықтан мәселені тек тыйыммен шешуге болмайды, – дейді ол.

Сонымен қатар депутат мектеп бітіру кештеріндегі қаржы мәселесі де өте өзекті екенін айтты.

Кей өңірлерде 200 мың, 300 мың, тіпті 400 мың теңгеге дейін ақша жиналатынын көріп жүрміз. Бұл барлық отбасы үшін бірдей қолжетімді емес. Мұнда әлеуметтік теңдік мәселесі бар, – деді Аймағамбетов.

Оның пікірінше, мектеп бітіру кеші – баланың тағдырын шешетін оқиға емес, бұл көбіне қоғам мәдениетіне байланысты қалыптасқан құбылыс.

Бұл мәселені тек мектепке немесе мұғалімдерге артып қою дұрыс емес. Ата-аналар чатында ақша жинау басталады, соның салдарынан келіспеушілік туындайды. Сондықтан бұл – қоғам мәдениетіне қатысты күрделі сұрақ, – деді депутат.

«Соңғы қоңырау» атауының өзі өзгеріп жатыр

Астанадағы №102 «Келешек» мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Жолдыбайқызының айтуынша, биыл мектептер оқу-ағарту министрлігі бекіткен арнайы тұжырымдама бойынша жұмыс істейді.

Оның сөзінше, қазір басты назар ұлттық құндылықтарға, тәрбиеге және қауіпсіздік мәселесіне аударылып отыр.

Бізде қазір «Адал азамат» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында ұлттық құндылықтарға, адами капиталға және заң мен тәртіп қағидатына ерекше мән беріліп отыр, – деді ол.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары «соңғы қоңырау» атауының өзі өзгеріп келеді.

Қазір «соңғы қоңырау», «қоштасу» деген сөздерді көп қолданбаймыз. Бұл – аяқталу емес, жаңа өмірдің басталуы деген ұстаным бар, – дейді Әлия Жолдыбайқызы.

25 мамыр күні республика бойынша «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Ал түлектерге арналған іс-шараларды мектеп қабырғасында, қауіпсіз форматта өткізу ұсынылған.

Ресторан, лимузин, коттедж – бәріне тыйым

Әлия Жолдыбайқызының айтуынша, биылғы негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Министрліктің арнайы бұйрығы бар. Сол бойынша қымбат мейрамханаларда, банкет залдарында, табиғат аясында, демалыс орындарында кеш өткізуге тыйым салынды. Лимузин жалдау, шоу ұйымдастыру, артық шығын жасау сияқты дүниелерге де шектеу қойылып отыр, – дейді ол.

Мектеп әкімшілігі қазір ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ата-аналардың көбі түсіністікпен қарап отыр. Өйткені бұл жерде тек қауіпсіздік емес, әлеуметтік жағдай мәселесі де бар. Кей ата-ананың қалтасы көтермейді, – деді мектеп өкілі.

Сонымен қатар ол мектептің өз ауласында да балаларға есте қаларлық атмосфера жасауға болатынын айтады.

Міндетті түрде ресторанға бару керек деген түсінік болмауы тиіс. Мектептің ауласында да керемет естелік қалдыруға болады. Ең бастысы – қауіпсіздік пен эмоция, – дейді ол.

Жасанды интеллект арқылы қауіпсіздік бақыланады

№102 «Келешек» мектебінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылған.

Мектепте жасанды интеллект негізіндегі камералар орнатылған. Егер дәлізде балалар жүгірсе немесе қауіпті қозғалыс тіркелсе, жүйе автоматты түрде сигнал береді.

Кейде балалар ойнап жүруі мүмкін, кейде шынымен төбелес немесе буллинг қаупі болады. Камералар соны анықтап, бізге ескерту жібереді. Сондықтан мектеп аумағында бақылау жоғары деңгейде, – деді Әлия Жолдыбайқызы.

«Бір кеш үшін үлкен несие алудың қажеті жоқ»

Астаналық ата-ана Индира Құрманбаеваның айтуынша, мектеп бітіру кешін өткізу керек, бірақ оны әлеуметтік жарысқа айналдырмаған дұрыс.

Балалар үшін бұл – үлкен мереке. 11 жыл бірге оқыды. Сондықтан кішкентай болса да кеш ұйымдастырған дұрыс деп ойлаймын. Бірақ оны үлкен жарысқа айналдырудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Оның айтуынша, биыл олардың сыныбы рестораннан бас тартқан.

Аттестатты алып, содан кейін үйлерімізге тараймыз деп шештік. Бұл ұсынысты мектеп айтты. Кей ата-аналар кейін бөлек жиналайық деді, – дейді ата-ана.

Индира Құрманбаева бұрынғы мектеп бітіру кештеріндегі шығын көлемі тым үлкен болғанын айтады.

Үлкен балам бітірген кезде тек ресторанның өзіне шамамен 150 мың теңге кетті. Одан бөлек киім, фото, басқа шығындар болды. Қазір де бұл аз ақша емес, – дейді ол.

Виньетка, киім және сыйлық

Түлек ата-анасының айтуынша, қазір виньетка бағасының өзі бірнеше нұсқада ұсынылады.

Биыл виньетканың бағасы 6-7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін болды. Соның ішінен орташа нұсқасын таңдадық, – дейді Индира Құрманбаева.

Ал мұғалімдерге қымбат сыйлық жасауға ол қарсы екенін айтады.

Алтын-күміс сыйлаудың қажеті жоқ. Бірақ кішкентай естелік қалдыруға болады. Біз әдемі блокнот сыйладық. Ал қымбат сыйлықты көбіне ата-аналардың өзі ұсынады, мұғалімдер тарапынан ондай талап болған емес, – дейді ол.

Қоғам мәдениеті өзгермей, мәселе шешілмей ме?

Қазір мектеп бітіру кешіне қатысты пікір екіге бөлініп отыр. Бір тарап қауіпсіздік пен артық шығынды азайту керек дейді. Екінші тарап түлектердің өміріндегі маңызды сәтті толық шектеу дұрыс емес деп санайды.

Алайда сарапшылар да, педагогтер де, ата-аналар да бір мәселеде ортақ пікірде: мектеп бітіру кеші әлеуметтік бәсекеге емес, баланың қауіпсіздігі мен эмоциялық естелігіне негізделуі керек.

Өйткені мектеп бітіру кеші – тек салтанатты шара емес. Бұл – жасөспірімнің үлкен өмірге қадам басар алдындағы маңызды психологиялық кезеңдерінің бірі.