«Соңғы қоңырау-2024»: Павлодарлық түлектердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі

Павлодар облысында оқу жылы 365 мектептің 116 мың оқушысы үшін аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, түлектерге арналған салтанатты шара міндетті түрде мектеп қабырғасында өтеді.

Шараны өзге жерлерде өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар мерекелік кешті өткізуге аниматорлар, жекеменшік студиялар немесе агенттіктердің қызметін пайдалануға рұқсат жоқ. Мектеп ұжымы мен әкімшілікке сыйлық алуға ақша жинауға да жол берілмеуі керек. Ақша жинау деректері тіркелген жағдайда шұғыл желіге хабарласуға болады. Бұл бағыттағы жұмыс жыл сайын жалғасып келеді, - дейді Роза Ақанова.

Қауіпсіздік шараларына облыстық полиция департаментінің өкілдері жұмылдырылады. Ведомствоның ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, ертең әр білім беру ошағына жауапты полиция қызметкерлері бекітіледі. Ал патрульдік құрылымдар салтанатты шара өтетін жерлерге жақын аумақта қызмет атқарады.

Облыста қоғамдық қауіпсіздікті қорғау үш кезең бойынша өтеді. Біріншіден, салтанатты шарадағы жұмыс. Екіншіден, шара аяқталған соң сауықтыру орындарында рейдтік жұмыстар күшейтіледі. Үшіншіден, түнгі рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Әдетте соңғы қоңырау аяқталған соң жасөспірімдер ата-аналарының қарауынсыз қалады. Балалар шомылуға да баруы мүмкін. Былтыр еліміздің өзге облыстарында түлектер арасында қайғылы жағдайлар тіркелген, - дейді Бибігүл Қамзина.

Айта кетейік, соңғы қоңырау күні облыс бойынша 500-ден астам полицей қызмет етеді. Сонымен қатар 200-ге жуық қызметтік көлік жұмылдырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы