Соңғы 3 жылда ЖИ-дің арқасында әкімшілік қызметкерлер санын 20%-ға қысқарттық – Калифорния университеті ректоры
Калифорния университетінің Сан-Диегодағы ректоры Прадип Хосла Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңесте ЖИ бүгінде білім беру, әкімшілендіру және денсаулық сақтау салаларында түбегейлі өзгерістер енгізіп жатқанын және дәл осы салалар болашақтағы түрленудің негізгі драйверіне айналатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Хосланың сөзінше, студент саны 47 мыңды құрайтын және жылдық бюджеті 10 миллиард доллардан асатын UC San Diego университетінде жасанды интеллект барлық негізгі бағыттарға енгізілген. Білім беру саласында университет студенттердің білім деңгейіне бейімделетін цифрлық тьюторлар жүйесін дамытып жатыр.
Жүз жыл бойы академиялық жүйе іс жүзінде өзгерген жоқ. Баспа станогы, радио, теледидар, интернет тіпті бүкіләлемдік өрмектің өзі оны өзгертпеді. Бірақ ЖИ өзгертеді, – деп атап өтті ол.
Ректордың пікірінше, ЖИ тек оқытуды дербестендіріп қана қоймай, шығындарды да айтарлықтай азайтады.
Оқытушылардың ассистенттері өте қымбат, ал ЖИ-тьюторлар жақсырақ нәтижелер береді әрі қаржыны үнемдейді. Сонымен қатар, ЖИ тесттер мен тапсырмаларды автоматты түрде жасай алады, бұл оқытушылардың жүктемесін азайтады, – деді сарапшы.
Университеттерді басқаруда да технологиялардың рөлі кем емес. UC San Diego-да жасанды интеллект талапкерлердің өтінімдерін тексеруде, студенттердің сұрақтарына жауап беруде, гранттар мен қаржылай көмекті бөлу ісінде қолданылады.
Соңғы 3 жылда ЖИ-дың арқасында біз әкімшілік қызметкерлер санын 20%-ға қысқарттық, – деді Хосла.
Денсаулық сақтау саласына да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Университет клиникаларында қазірдің өзінде “AI-enabled hospitals” жұмыс істейді. Онда науқас деректері автоматты түрде жиналып, талданады және дәрігерлерге шешім қабылдауда көмек береді. Радиологтар мен басқа да мамандар диагноз қою және емдеу барысында ЖИ-ді белсенді қолдануда.
Өз сөзін қорытындылай келе, Хосла жасанды интеллектке “құдайлық қасиеттерді” телуден сақтандырды.
ЖИ-ден мінсіз болуды және ешқашан қателеспеуді күтудің қажеті жоқ. Кез келген инженерлік жүйеде ақаулар болады. Ресурстарды абсолютті кемелдікке жұмсаудың орнына сақтандыру тетіктерін құру қажет. ЖИ адамнан мықты болуы тиіс, бірақ құдай емес. Осы тәсілді ұстансақ, жасанды интеллект елдің, қоғамның және әрбір адамның мүмкіндіктерін шынымен кеңейте алады, – деп түйіндеді UC San Diego ректоры.