3 Тамыз 2026, 17:02 Фото: Ақорда

Соңғы 10 жылдағы ең ауқымды жоба: Сарапшы Қазақстандағы ірі жол құрылыстарын бағалады

Сарапшының айтуынша, мұндай ауқымдағы жол құрылысы жобалары Қазақстанда соңғы он жылда алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен телемост барысында «Қызылорда - Сексеуіл», «Ұлғайсын - Сексеуіл» және «Бейнеу - Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысына ресми түрде старт берілді. Бұл жобаларды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның кірістер жөніндегі басқарушы директоры Сағи Садықұлы соңғы он жылдағы ең ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі деп бағалады.

Спикердің айтуынша, бұл үш жол учаскесінің жалпы ұзындығы шамамен 1600 шақырым. Оның ішінде «Бейнеу - Сексеуіл» бағыты мүлде жаңа жол ретінде салынады.

Бүгінде «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағынан Ақтау және Құрық порттарына дейінгі жолды белгіленген жылдамдықпен жүріп өтуге шамамен бес тәулік қажет. Жаңа көлік дәліздері пайдалануға берілгеннен кейін бұл бағыт мың шақырымға жуық қысқарып, жол жүру уақыты үш тәулікке дейін азаяды.

Яғни жол ең көп дегенде үш күнге созылады. Бұл жолдарды салуға шамамен 10 мың адам тартылады. Оның 90 пайызы Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының тұрғындары болады. Әрине, Қазақстанның өзге өңірлерінен де мамандар шақырылады, - деді Сағи Садықұлы.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына 3 мыңға жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылады.

Спикердің айтуынша, бұл жобалар тек жол салумен шектелмей, айналасында жаңа экономикалық белсенділіктің қалыптасуына ықпал етеді. Құрылыс жүріп жатқан аумақтарда азық-түлік базалары мен жұмысшыларға қызмет көрсететін өзге де инфрақұрылым нысандары ашылады.

Құрылысты кезең-кезеңімен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы барлық көлік дәліздері 2029 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Кейбір учаскелерде жол екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі, ал кейбір бағыттар мүлде жаңадан салынады. Мұндай ауқымдағы жобалар Қазақстанда кем дегенде соңғы он жылда болған жоқ, – деді «ҚазАвтоЖол» өкілі.

Еске салайық, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы 3 ірі автожол жобасын іске қосты.

Сондай-ақ, Президент Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» салынып, жүк жеткізу мерзімі 3 күнге қысқаратынын айтты