Алматы облысында "Сонар-2019" Халықаралық турнирі өтеді
Алматы, BAQ.KZ. Желтоқсанның 6-9 аралығында Райымбек ауданында Ұлттық спорт түрі Құсбегіліктен "Сонар-2019" Халықаралық турнирі өтеді.
"Қыран" федерациясы ұйымдастырып отырған турнирдің басты мақсаты – бүркіт салып, сятшылық құру –тым ертеден қалыптасқан дәстүрлі өнерді, ұлттық мәдениетті насиқаттау.
Шыңғысхан Саян-Алтайдағы түркі тайпаларын қол астына біріктіргенде, олардың көсемдері кезінде сый-құрметтің төресі саналған, қолдарына қыран ұстап, сән-салтанатпен барып қағанға кірген.
Ал Еуропа елдерінде құсбегілік, орта ғасырларда тарағанын италиялық Марко Поло, ресейлік Николай Карамзин, поляк Адольф Янушкевич жазбаларында айтылады.
Құбылай ханның қол астында 15 жыл қызмет еткен италиялық Марко Поло туралы пизалық жазушы Рустичеллоның естелігінде "Құбылайдың қолға үйреткен 500 ақсұңқары, өзге қырандары, оларды баптайтын 10 мың құсбегісі" болғанын тамсана жазады. Ал, тарихта сондай-ақ, Шыңғыс ханның 3 мың бүркіті, 2 мың қаршыға, 12 мың сұңқар, Жошының 3 мың, Абылайдың 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны туралы деректер бар. Ал, ел тізгінін ұстаған билеріміз бен сал-серілеріміз ше?! Сарғайған тарих беттерін ашса, талай деректер табылары анық.
Қазақ тарихында саятшылық өнердің: Арқа, Жетісу, Тарбағатай, Еренқабырға, Боғда, Алтай-Сауыр секілді бірнеше мектебі бар.
Ел аузында "Тінейдегі қасиет-ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет-тілдес екен бар құспен" деген сөз орамы бар. Қазақта Қыранның тілін білген, «бабын тапқан» талай шебер құсбегілер жетіп артылады.
Ұлы Абай құс салуды пәни дүниедегі "ешкімге зияны жоқ" қызық іс десе, Мұхтар Әуезов "адамды ақындық күйге жеткізетін, шабыт сыйлайтын өнер" деп бағалаған.
Өте көне тарихтан келе жатқан әр жылғы қыс маусымында қалмай жасалатын, аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегетін, Қыран бүркіт салып – қасқыр, түлкі, елік, аң алдыру; бидайық, лашын, сұңқар, қаршыға салып – аққу, қаз, құс ілдіру; жүйрік ат, қыран бүркіт, түзу мылтық ұстап – аңкөс–аңшы, саяткер-бапкер, құсшы, аң құмар ізші болу; әнші- күйші, жыршы, атшы, қосшы ертіп, жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық, қақпан, тұзақ дейсің бе, бәрі бірдей сайланған, ең аз дегенде әр топта бүркітші, қағушы, атшы-құсшы – үш төрт адамнан кем болмайтын, тынымсыз тірліктен қол үзіп, ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос, жадағай қос тігіп, бірнеше айлап (әдетте, қарашадан бастап, ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулап, бай табиғатты тамашалау, еркін табиғат ғажаптарынан ләззат алу, рахат табу, дәурен сүрудің бәрі - салбурын.
Бүгінде ұрпақ санасынан өше бастаған халқымыздың ежелгі дәстүрі, өресі биік өнерін қайта жаңғырту мақсатында, алғаш рет Алматы облысының Нарынқол өңірінде "Сонар – 2019" халықаралық турнир, құсбегілер Салбурыны ұйымдастырылып отыр. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, "Қыран федерациясы", "Қансонар" аңшылық бірлестіктер және аңшылық шаруашылық субьектілері республикалық Қауымдастығы бекіткен Регламентке сәйкес өткізіледі, - делінген хабарламада.
Бұл аталған айтулы мәдени шараны Нарынқолда өткізудің де өзіндік мәні бар. Халқы қонақжай, қазақтың ежелгі салт-дәстүрі тұнып тұрған, табиғаты тамаша, аң-құсқа бай өңір.
Республиканың Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстары, Алматы, Астана қаласынан бас қосатын 60-қа жуық білікті құсбегілердің қатарында көршілес Қырғыз елінен он шақты құсбегі, Қытай, Монғолиядан келетін қандастарымыз да бар.
Жарыс екі кезеңнен тұрады: құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, еркін аңға салу (бірінші кезең) аяқталып, іріктелген бүркіттер – екінші күні жартылай финалдық кезеңде қоянға, ал, ителгі, қаршығалар қолға шақыру, далбайға шақыру, кептер, қырғауылға салу үшінші күні финал- түлкіге салынса, қаршыға мен ителгілер қоянға жіберіледі. Сонымен қатар, аңшы иттер (тазы) жарысы да қатар өткізіледі, - делінген хабарламада.