"Солтүстікке көш" жобасы әлеуметтік серпін бе, амалсыз шешім бе?
Соңғы жылдары Қазақстанда аймақаралық көші-қон мәселесі жиі талқылануда. Әсіресе, елдің оңтүстік және солтүстігінде халық санының теңсіздігі мемлекеттік деңгейде алаңдаушылық тудырып отыр. Бір жағынан, халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақта жұмыссыздық пен инфрақұрылымдық қиындықтар байқалса, екінші жағынан, солтүстік өңірлерде халық санының кемуі мен еңбек ресурстарының тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Мемлекет осы теңсіздікті реттеу мақсатында оңтүстіктен солтүстікке ерікті қоныс аударуды ынталандыратын бағдарлама қабылдап, қоныстанушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Бұл үрдіс нәтиже беруде ме? Қоныс аударушылар жаңа ортаға қалай бейімделуде? BAQ.KZ тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көреді.
2025 жылдың басындағы Ұлттық статистика бюросындағы ресми деректер аймақ арасындағы халық саны мен әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздікті айқын көрсетеді. Мысалы, Түркістан облысында халық саны 2 млн 154 мыңнан асса, Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 522 мың шамасында, яғни 4 есе аз. Бұл бір өңірде адам көптігінен әлеуметтік жүктеме артып жатса, екіншісінде халық аздығынан еңбек ресурстарының тапшылығын тудырады. Сондай-ақ екі аймақтағы халықтың жас құрылымы да айтарлықтай ерекшеленеді екен. Мысалы, Түркістан облысында еңбекке жарамды 876 мың адам болса, Солтүстік Қазақстанда 693 мың адам. Бұл көрсеткіш оңтүстікте жұмысқа қабілетті адам мен жастар саны басым екенін, ал солтүстікте халықтың қартаю процесі белең алғанына дәлел. Ал сарапшы-медиатор Бақытжан Бейсенбаев бұл жағдай халықтың табиғи өсімі мен ішкі көші-қонына тікелей әсер ететінін айтады.
Статистикалық деректер нені көрсетеді?
Қала халқының үлесі бойынша да елімізде өңірлік теңсіздік айқын көрінеді. Мәселен, Түркістан облысында қала тұрғындарының үлесі небәрі 25,1 пайыз ғана. Бұл – өңірдің ауылдық сипатта екенін көрсетеді. Мұндай жағдайда инфрақұрылым жеткіліксіз болады, соның салдарынан жұмыссыздық мәселесі жиі туындайды, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл жағдай елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда едәуір контраст. Сондай-ақ, табыс айырмашылығына да ерекше назар аударады.
2024 жылғы республикалық қорытынды бойынша жан басына шаққанда атаулы табыс Алматыда ғана екі есе жоғары болды. Оны барлық сарапшылар біліп отыр. Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Яғни Түркістан халқының табыс мөлшері республикалық деңгейдің тек жартысына жуығын ғана құрайды екен. Бұл тек тұрмыс сапасына ғана емес, жалпы өңірдің әлеуметтік ахуалына тікелей әсер етеді, - дейді ол.
Бақытжан Бейсенбаевтың сөзінше, көші-қон процесін айқындайтын басты себептерді атады.
Мұндай алшақтықтар жай ғана сандар емес, адамдардың өмірлік шешімдеріне әсер ететін, көші-қон процесін айқындайтын басты себептердің бірі. Соның салдарынан оңтүстік өңірлерде халық саны артып, ал солтүстікте азаю үрдісі күшейіп отыр. Бұл теңсіздікті еңсеру үшін ішкі миграцияны ынталандыру қазіргі таңда өте өзекті әрі стратегиялық маңызы бар қадам, - деп түйіндеді сарапшы.
Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде де назардан тыс қалып отырған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, біраз жылдан соң солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұрғындар әлдеқайда көбеюі мүмкін. Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі аймақтардың еңбек нарығындағы теңсіздігі одан әрі ушыға түседі деген сөз. Осы мәселемен Үкімет мұқият айналысуы керек, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оңтүстіктен солтүстікке көшкендер не дейді?
Осы өзекті мәселені еңсеру үшін бүгінде "Солтүстікке көш" жобасы жүзеге асуда. Көші-қон мәселесін тереңірек түсіну үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударғандармен тілдесіп көрдік.
Мәселен, Түркістан облысы, Сайрам ауданының тумасы Сағатбек Жетпісбаев 2017 жылы алғашқылдардың бірі болып "Солтүстікке көш" бағдарламасы арқылы Абай облысы, Ақсуат ауылына қоныс аударған.
Қоныс аудару, әрине, оңай емес. Мен өз басым жұмыссыздық мәселесімен қоныс аударуға мәжбүр болдым, - дейді ол.
Сағатбек жаңа ортаға бейімделуді алдын ала жоспарлап барған екен. Ол Ақсуат ауылына көшпес бұрын ауылмен танысып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан. Үш күн ойланып, өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдайды. Қазір отбасымен бірге сол ауылда тұрады. Сегіз жылға жуық уақыт ішінде жаңа ортаға толық бейімделіп үлгерген.
Толық үйреніп кеттік. Ешқандай қиындық болмады. Ол адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Қазіргі таңда Ақсуат ауылындағы мансап орталығында жұмыс істеймін, - деп бөлісті ол.
Сағатбектің отбасында төрт бала бар – үш қызы мен бір ұлы. Бүгінде бір қызын ұзатқан, екінші қызы студент. Оның айтуынша, қазіргі таңда көші-қон бағдарламасына қатысты заңнамаларда оң өзгерістер бар. Солтүстікке қоныс аударған азаматтарға кәсіп бастау үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айтады.
Заңға өзгерістер енді. Қазір кәсіп ашамын дегендерге мүмкіндік қарастырылған. Балалары ересек болса, оқуға арнайы мемлекеттік гранттар беріледі, - дейді ол.
Сағатбек Жетпісбаев биыл "Солтүстікке көш" делегация құрамымен Түркістан облысына келді. Ол өзінің туған жеріндегі таныстарын жаңа өмір бастауға үгіттеп жүргенін айтады.
Жерлестерімді көшіп келуге шақырамын. Барлық жағдай жасалған. Байқағаным әлі де қозғалыс аз. Менің ойымша, тәуекел жасауға қорқатын секілді, - дейді ол.
Бұл сөздерден көші-қонның басты проблемаларының бірі – психологиялық және әлеуметтік бейімделудегі сенімсіздік екенін көруге болады. Көп жағдайда материалдық емес, сенім мен батылдық жетіспеуі миграциялық шешімге кедергі келтіреді екен.
Түркістанда бағдарлама қалай жүзеге асуда?
Түркістан облысында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" жобасы аясында 2015 жылдан бастап жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге жүйелі түрде қоныстандыру жұмыстары жүргізіп келеді екен.
2015-2024 жылдар аралығында Түркістан облысынан барлығы 15 589 адам солтүстікке қоныс аударды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республика бойынша белгіленген 7050 квотаның 29 пайызын Түркістан облысынан қоныс аударған азаматтар құрады, - дейді Еңбек мобильділігі орталық басшысының орынбасары Алмас Әбдіқадыров.
2025 жылы да бұл жұмыстар жалғасын таба бермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республика бойынша 7344 квота бөлініп, қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін жеті облыссты бекіткен екен. Алмас Әбдіқадыровтың айтуынша, көшіп барғандардың ішінде өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқандармен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысып, жеке кәсіп ашқан азаматтар да бар. Олар мал шаруашылығы, егін егу сияқты бағытта ауыл кооперативтерін құрып, ісін дөңгелетіп отырған көрінеді.
Олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы барынша қамтамасыз етілуде. Жер, тұрғын үй, балабақша мен мектеп мәселелері шешімін тауып, мемлекет тарапынан тиісті қаржылық қолдау берілуде, - дейді ол.
Мақсат – баспана, бағыт – солтүстік
Соңғы жылдары солтүстік өңірлерге қоныс аударып жатқан азаматтардың арасында жас отбасылар мен жаңа өмір бастағысы келетін жастар көптеп кездесуде. Солардың бірі – Жетісай қаласының тұрғыны Салтанат Түгелбайқызы. Ол 2025 жылдың қаңтар айында күйеуі және екі жасар баласымен бірге Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласына көшіп келген.
Көшудегі басты мақсатымыз – баспана мәселесі. Біз жас отбасы болғандықтан, баспана бірінші орында тұрды. "Солтүстікке көш" бағдарламасы аясында үй алуға көмектеседі деген соң көшуге шешім қабылдадық, - дейді Салтанат.
Салтанаттың бұл шешімі кездейсоқ емес екен. Оның туған ата-енесі де осы бағдарламамен үш жыл бұрын Риддерге қоныс аударған. Осы себепті олар жаңа өмір бастау үшін таныс орта ретінде дәл осы аймақты таңдаған.
Риддерді өзіміз таңдадық. Мұнда ата-енем тұрады. Әзірге солардың үйіне уақытша қоныстандық. Күні кеше үй алуға мемлекет тарапынан мақұлдау берілді. Енді үй қарастырып жатырмыз, - деп қуанышымен бөлісті ол.
Салтанат 1991 жылы дүниеге келген. 2015 жылы аграрлық колледжді тәмамдағанымен, әзірге мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. Дегенмен, Риддерге келген сәттен бастап жаңа ортаға бейімделу процесі оңай жүргенін айтады.
Риддер халқына үйренісіп кеттік. Адамдары ашық-жарқын. Қала да тыныш әрі шағын болғанымен өмір сүруге ыңғайлы, - дейді ол.
Салтанаттың мысалы жас отбасы үшін бағдарламаның әлеуеті бар екенін көрсетеді. Алайда оның кәсіби жұмыс таба алмауы әлі де мәселенің бар екенін аңғартады. Бұл көші-қонмен қатар еңбек нарығын бейімдеу, мамандыққа сай жұмыс ұсынудың маңызды екенін еске салады. Салтанат арнайы қоныс аудару туралы жобаны туыстарынан естіген. Ал қазір мұндай ақпаратты білу үшін артық сенделудің қажет жоқ. Себебі мемлекеттік деңгейде көші-қон әрекеттерін тиімді басқару үшін цифрлық инфрақұрылым қолға алынған екен. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Түркістанға сапары барысындағы кездесуде мәлімдеді. Яғни оның айтуынша, migration.enbek.kz порталына "Қоныс аудару картасы" модулі қосылып, қандастар мен қоныс аударушыларға қажетті ақпаратты онлайн түрде алдын ала көруге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар, бұл портал шетелдік азаматтардың да есебін тіркеп, көші-қон деңгейіне мониторинг жүргізеді дейді мамандар.
Дегенмен, солтүстік пен оңтүстік арасындағы демографиялық теңсіздік – тек сандық көрсеткіш емес, елдің еңбек нарығына, өңірлік дамуға және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін стратегиялық мәселе. Түркістан облысы сынды халқы тығыз орналасқан өңірлерден солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы – бұл бағыттағы нақты қадам деуге болады. Сарапшылар мен көші-қонға қатысқан азаматтардың пікіріне сүйенсек, мемлекеттің ұсынған қолдаулары – баспана, жұмыс, білім беру, кәсіп ашу сияқты маңызды бағыттар. Алайда әлі де болса көшуден қорқатын, ақпарат тапшылығынан шешім қабылдай алмай жүргендер бар. Қоныс аударушылардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оның табысты болуы тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, адамның батыл шешіміне, жаңа ортаға бейімделе алуына да байланысты екен. Сондықтан болашақта көші-қонды тек сандық межемен емес, сапалы өмір сүру, әлеуметтік интеграция, азаматтық сенім сияқты кешенді факторлармен бағалау маңызды болмақ.