Солтүстік Қазақстанда 700 гектар алқапқа көшет отырғызылмақ

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қызылжар өңірінде 700 гектар алқапқа 3 миллион көшет отырғызылмақ. Қазір Петропавлға іргелес орналасқан Қызылжар ауданында тал егу жұмыстары басталып кетті. 

Солтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағында 12 мемлекеттік орман мекемесі бар. Әр ұжым жыл сайын өңірдің орманды алқаптарын көбейту үшін біраз іс тындырады. Солардың ең ірілерінің бірі саналатын Соколов орман шаруашылығының құрамында 4 тұқымбақ бар. Қазір Қыжылжар ауданында отырғызылып жатқан көшеттер сол бақтардың бірі – Налобинде өсірілген. 5,1 гектар алқапта 10 адам жұмыс істейді. 

Қазір жасыл өскінді алқаптарында 2 жылдық қылқан жапырақты ағаштар қазылып жатыр. Кейін қарағайлар тиісті орындарына жеке-жеке отырғызылады. Наталья Евсюкова орманды қалпына келтіру жөніндегі инженер. Маманның тұқымбақта еңбек еткеніне 5 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында ол мындаған талдың үлкен ағашқа айналуына атсалысқанын мақтан етеді. 

"Тұқымбақта жүзден астам қызыл шетен, дәл сонша алма ағашы мен қайың, сексен балқарағай және кәдімгі қарағайдың 50 ағашы өсіріледі. Кәдімгі қарағайды бөлек отырғызу үшін 2 жыл баптау керек. Ол жайқалып, ересек ағашқа айналу үшін кемінде тағы 7 жыл керек. Соколов орман шаруашылығында жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 5 орманшылық бар. Жоспар бойынша биыл біз солардың барлығына да қарағай, қайың отырғызуымыз керек", - деді ол.

Мамандар 1 шыбық үлкен ағашқа айналу үшін бірнеше жыл баптау қажеттігін айтады. Сондақтан қаһарын төккен қыс мезгілінде де барлық аумақ қардан тазаланып, бақ күзетіледі. Ал жазда өсіп кеткен арам шөптерден тазаланып, жасыл желек суарылады. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы