Солтүстік Қазақстанда 20 млн долларға аграрлық ғылыми орталық құрылады
Орталықта ғылыми-зерттеу зертханалары, селекция және тұқым шаруашылығы орталығы, жылыжайлар, оқу-тәжірибелік кешен, қайта өңдеу және логистикалық нысандар құрылады.
Kozybayev University базасында Орталық Азиядағы алғашқы Қазақстан-Қытай аграрлық ғылыми орталығы ашылады. Жобаның бірінші кезеңіне 20 млн доллар (шамамен 9 млрд теңге) инвестиция салу жоспарланып отыр.
Бастама Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда. Қытайлық серіктестер орталықты орналастыру үшін бірнеше елді қарастырып, ғылыми және білім беру әлеуетіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысын таңдаған.
Орталықта ғылыми-зерттеу зертханалары, селекция және тұқым шаруашылығы орталығы, жылыжайлар, оқу-тәжірибелік кешен, қайта өңдеу және логистикалық нысандар құрылады. Негізгі бағыттар – ауыл шаруашылығы дақылдарын селекциялау, дәлме-дәл егіншілік, жасанды интеллект, су үнемдеу технологиялары мен биотехнологиялар.
Сонымен қатар өнімді терең өңдеу, тыңайтқыштар мен биопрепараттар өндіру, экспортты дамыту және агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандар даярлау көзделген.
Жоба 18-19 қарашада өткен «Хэнань – Солтүстік Қазақстан облысы» бизнес-форумында талқыланды. Іс-шараға Қытайдың Хэнань провинциясынан 20-дан астам ірі аграрлық кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Форум аясында қытайлық инвестициялық компания мен Kozybayev University арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды. Келесі кезеңде орталықтың инфрақұрылымын қалыптастырып, ғылыми зерттеулерді бастау жоспарланып отыр.
Жаңа орталық аграрлық ғылым мен өндірісті ұштастырып, заманауи технологияларды отандық шаруашылықтарға енгізуге мүмкіндік береді.