26 Қыркүйек 2026, 09:27 Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы басталды

Жылу 23 әлеуметтік нысанға берілді, ал Петропавлда жылыту жүйесін 28 қыркүйекте іске қосу жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы кезең-кезеңімен басталды. Қазіргі уақытта 23 әлеуметтік нысанға жылу берілді.

Биыл орталықтандырылған жылу жүйесі алғаш болып Есіл ауданында іске қосылды. 26 қыркүйекте Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда, 28 қыркүйекте Петропавл қаласы, Жамбыл және Мамлют аудандарында жылыту маусымы басталады. Қалған аудандарда жылуды 1 қазаннан бастап қосу жоспарланып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әлішер Беспаевтың айтуынша, өңірдің жылыту маусымына дайындығы аяқталуға жақын.

Облыста жылу және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеу, қазандықтарды дайындау және жылу желілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Петропавл ЖЭО-да алты қазандық пен алты турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жоспарланған 3,5 шақырымның орнына 5,2 шақырым жылу желісі тартылды. 1273 шақырым электр желісі жаңартылып, 206 қосалқы станцияда жөндеу және техникалық дайындық жұмыстары жүргізілді, – деді ол.

Аудандық қазандықтарды жылыту маусымына дайындауға бюджеттен шамамен 19 млн теңге бөлінді. Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда екі жаңа орталық қазандық пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, сегіз қазандық жөнделіп, алты жаңа қазандық сатып алынды және 1,5 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді.

Әлішер Беспаевтың айтуынша, Петропавлда барлық қажетті жұмыстарды апта соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Өңірде отынның жеткілікті қоры да қалыптастырылған.

Теміржол тұйықтарында 54 мың тонна көмір бар, оның 14 мың тоннасы Петропавлда орналасқан.