Солтүстік Қазақстан облысында жаңғыртылған екі теміржол вокзалы ашылды
Елімізде жаңғыртылған теміржол вокзалдарын пайдалануға беру жұмыстары жалғасып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Саумалкөл және Жаңаесіл теміржол вокзалдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде вокзалдардың инфрақұрылымы жаңартылып, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасы артты. Сонымен қатар елді мекен тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасалды, – деді Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
Вице-министр жаңғыртылған вокзалдар өңірдің көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, халықтың мобильдігін арттыруға және жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын жақсартуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысында бағдарлама аясында үш теміржол вокзалын жаңғырту көзделген. Соның екеуі – Саумалкөл мен Жаңаесіл вокзалдары жаңартудан кейін пайдалануға берілді.
Саумалкөл мен Жаңаесіл – Солтүстік Қазақстан облысындағы маңызды елді мекендер. Бұл жерлердегі теміржол вокзалдары өңірдің көлік қатынасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміз бойынша 124 теміржол вокзалын қайта жаңарту және жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі вокзал инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ең ірі жоба.
Іс-шара соңында вице-министр вокзалдарды жаңғырту бағдарламасының табысты жүзеге асуына және еліміздің көлік саласының дамуына үлес қосқан мамандар мен жобаға қатысушыларға алғысын білдірді.