Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына дайындық күшейтілді
Биыл облыс бойынша шамамен 7 мыңға жуық тұрғыны бар 112 елді мекен ықтимал су басу аймағында орналасқан.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ СҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавл қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің алаңында облыстық ТЖД жеке құрамының, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің және өңірдегі қоғамдық ұйымдар еріктілерінің қатысуымен саптық жиын өтті.
Департамент басшылығы нұсқама өткізгеннен кейін акцияға қатысушылар көктемде еріген қар суынан су басу қаупі жоғары облыс орталығындағы Жұмысшы кентінің жеке секторында алдын алу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, су өткізу арналары мен арықтар тазартылды.
Сонымен қатар жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулалары қардан тазартылып, тұрғындарға су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ескерту жадынамалары таратылды.
Мамандардың мәліметінше, биыл облыс бойынша шамамен 7 мыңға жуық тұрғыны бар 112 елді мекен ықтимал су басу аймағында орналасқан. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіп-қатерді азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.