Бүгiн 2026, 20:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Солтүстік Қазақстан ет экспортын арттыруға дайындалып жатыр

СҚО-да ветеринариялық инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысында ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемін, соның ішінде мал шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.

Қазақстанның аусылдан таза ел ретіндегі мәртебесін растауы отандық ет өнімдерін шетел нарығына шығаруға қосымша мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты өңірде ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіру және мал шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ветеринариялық желіні жаңғыртуға 1,77 млрд теңге бөлінген. Қаражат есебінен 57 ветеринариялық пункт пен екі ветеринариялық станса салынып жатыр. Ал келесі жылы тағы 57 ветеринариялық пункттің құрылысы жоспарланған.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына қарай өңірдегі жаңа ветеринариялық нысандармен қамту деңгейі 60 пайызға жетеді.

Санитариялық және эпизоотиялық бақылауды күшейту мақсатында 32 мал қорымын салу көзделген. Сонымен қатар облыста етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 32 инвестициялық жобадан тұратын арнайы пул қалыптастырылған.

Марат Тасмағанбетов қабылданып жатқан шаралар мал денсаулығын тиімді бақылауға, ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтуға және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның сөзінше, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтіп, Солтүстік Қазақстан облысының аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.