Солтүстік Корея Йонбёндегі ядролық кешенде уран байыту нысанын кеңейтуде – МАГАТЭ
МАГАТЭ бұл деректер Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымын бірнеше нысанда қатарынан кеңейтіп жатқанын көрсетеді деп есептейді.
Солтүстік Кореяның Йонбён қаласындағы ядролық кешенде уран байытатын жаңа нысан салынған.
Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) хабарлады.
МАГАТЭ-нің бағалауынша, жаңа ғимаратқа газ центрифугаларының 28 каскадына дейін орналастыруға болады. Бұл туралы агенттіктің 28 тамыздағы баяндамасында айтылған. Баяндама 9 қыркүйекте халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Сонымен қатар, МАГАТЭ Пхеньян маңындағы Кансондағы кеңейтілген уран байыту нысанының жұмысын бастағанына қатысты белгілер барын хабарлады.
МАГАТЭ инспекторлары Солтүстік Кореяға 2009 жылдан бері кіре алмайды. Сондықтан агенттік КХДР-дың ядролық нысандарындағы жағдайды спутниктік суреттер және ашық дереккөздердегі ақпараттар, соның ішінде Солтүстік Кореяның мемлекеттік БАҚ-тары жариялаған фотосуреттер арқылы бақылап отыр.
Агенттік мәліметінше, Йонбёндегі жаңа екі қабатты ғимарат – ядролық кешен аумағындағы уран байытатын екінші нысан. Мұндай қорытынды ғимараттың құрылысы кезіндегі спутниктік суреттерді Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның маусым айындағы сапары кезінде түсірілген фотосуреттермен салыстыру нәтижесінде жасалған.
Солтүстік Кореялық БАҚ жариялаған кадрларда ғимараттың екі қабатында да газ центрифугаларының каскадтары орналасқаны көрінеді.
Баяндамада сондай-ақ Кансондағы уран байыту нысанын кеңейту жұмыстары қаңтар айында басталуы мүмкін болғаны айтылған. Бұл нысанға қосымша ғимарат 2024 жылы салынған.
МАГАТЭ бұл деректер Солтүстік Кореяның ядролық инфрақұрылымын бірнеше нысанда қатарынан кеңейтіп жатқанын көрсетеді деп есептейді.
МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси халықаралық қауымдастықтың КХДР-дың ядролық бағдарламасының дамуына қатты алаңдап отырғанын айтты.
Кансон мен Йонбёндегі байыту қондырғыларының қазіргі уақытта пайдаланылуы, сондай-ақ КХДР-дың қару-жараққа арналған ядролық материал өндірісін одан әрі кеңейтіп жатқаны туралы ақпарат үлкен алаңдаушылық туғызады, – деді ол.
МАГАТЭ Солтүстік Кореяның ядролық саладағы қызметі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Пхеньянға ядролық қару мен баллистикалық зымырандарға қатысты бағдарламаларды дамытуға тыйым салатын қарарларын бұзатынын еске салды.
Бұған дейін Рафаэль Гросси Сеулге сапары кезінде Солтүстік Кореяның ядролық қаруын дамытуда соңғы уақытта «өте елеулі» прогреске қол жеткізгенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл ілгерілеу уран байытатын жаңа зауыттың салынуымен байланысты болуы мүмкін.