Солтүстік Қазақстанда карантин талаптары қалай өзгермек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде желтоқсан айының ортасында локдаунды алып тастау жоспарланып отырғанын айтты.

Аймақтағы жағдай БАҚ хабарлағандай күрделі емес. Іс жүзінде жағдай толық бақылауда. Бір айдан бері қатаң шектеу шаралары енгізілген. Шекара бекеттерінде карантиндік стационарлар орналастырылды. ПЦР тест болмаса, елге кіруге тыйым салынды. Пойыздардың саны қысқарып, өңірдегі автобус маршруттары тоқтатылды. Петропавлда карантин енгізілді. Демалыс күндері локдаун режимі орнаған,- дейді әкім.
Ол бұл қабылданып жатқан іс-шаралардың барлығы жағдайды тұрақтандыру үшін деп отыр. Ауруханаға жатқандар саны күн сайын азайып келеді екен. Науқастардың 94%-ы емделген. 
Денсаулық сақтау саласына түсетін жүктеме көп емес. Ауруханаларда қолданылып жатқан төсек-орындар саны 36% аспайды. Ауыр науқастардың немесе аппараттарға қосылуды қажет ететін науқастардың саны да көбеймеді. Жоспарлы ауруханаға жатқызу тоқтаған жоқ. Сондықтан қазіргі эпидемиологиялық жағдайға сүйене отырып, желтоқсан айының ортасына дейін біз демалыс күндері облыс орталығындағы карантинді алып тастауды жоспарлап отырмыз, - деді Құмар Ақсақалов.

Соған қарамастан облыс күрделі жағдайға тыңғылықты дайындалып жатыр. 
Облыста жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен қажетті медициналық жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдем қызметін көлікпен қамтамасыз ету 76%-дан 100%-ға жеткізілді. Емдеу және дәріхана желілері жеткілікті мөлшерде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Халық арасында дүрлігу жоқ, - дейді өңір басшысы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы