Солтүстік Қазақстанда интернет алаяқтыққа қатысты 10-нан астам қылмыс ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары төрт күнге шақталған жедел-профилактикалық іс-шараны қорытындылады.


СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері Алматыға іссапар барысында екі іс бойынша күдіктілерді ұстады. Нәтижесінде, жедел-алдын алу операциясы өткен төрт күннің ішінде полицейлер бұған дейін жасалған алаяқтыққа қатысты 13 қылмысты ашты.

Қылмыстың бірі өткен жылы жасалған екен. Облыс тұрғыны Instagram арқылы спорт жарысның бірінде кім жеңетіндігі жөнінде "нақты болжам" алмақ болып, белгісіз біреуге 75 мың теңге аударған. Ақша түсісімен-ақ ол хабарландыруды жойып, ұялы телефонын өшіріп тастаған. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 25 жастағы алматылық бойжеткен ұсталды. Алматының тағы бір 39 жастағы тұрғыны "Mercedes" автокөлігін сатамын" деп хабарландыру беріп, петропавлдықтың 500 мың теңгесін иемденіп кеткен. Қазір екі күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Олар жәбірленушілердің ақшасын қайтарды. 
Интернет алаяқтарды ұстау үшін көп жағдайда еліміздің өзге өңірлеріне іссапарға шығамыз. Интернеттегі хабарландыруға, әсіресе сатушы алдын ала төлем сұраса сақтықпен қарау керек. Сондай-ақ жеке басқа тиесілі мәліметпен бөліспеген жөн. Ешкімге құжаттың суретін жібермеуге кеңес береміз. Алаяқтар бұл мәліметтерді пайдаланып, сіздің атыңызға несие ресімдеуі немесе есепшоттағы ақшаңызды жымқыруы мүмкін, - дейді СҚО ПД Криминалды полиция басқармасының бастығы Петр Климов. 
Тәртіп сақшылары ұялы телефонды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Тимирязев ауданының тұрғыны телефонын ақтарып отырып, BeeLine сервисіндегі оның жеке кабинетіне sms-хабарламамен келген код арқылы біреудің кіргенін байқаған. Бірден полицияға хабарласқан. Тәртіп сақшылары тергеу барысында күдіктіні анықтады. 33 жастағы ауылдасы осылайша құрбысының қайда, кімдерге телефон соғатынын тексермек болыпты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы