Соғыста қаза болған қос жауынгердің топырағы туған жерлеріне әкелінді

Павлодарда Ұлы Отан соғысы жылдары Ресей мен Беларусь елінде ерлікпен көз жұмған қос жауынгердің жатқан жерінен бір уыс топырақ туыстарына табысталды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ертіс өңірінің тумалары Қабсамат Ахметов пен Закарья Армизовтың соңғы шайқасы болған орынды жергілікті «Панфиловшылар» іздеушілер жасағы тапты. Қос жауынгердің ұрпақтары 70 жылдан астам уақыт бойы аталары туралы ақпарат іздеген. Олардың арманы енді орындалды.

«Панфиловшылар» отрядының мүшесі Рафаэль Мұхамеджановтың айтуынша, Отан үшін отқа түскен ерлердің жатқан жері «Батыс фронты – Варшав шоссесі» экспедициясы барысында шетелдік әріптестерінің көмегімен табылды. 

Қабсамат Ахметовтің моласынан бір уыс топырақты ресейлік әріптестеріміз табыстады. Ал Закарья Армизовтың жатқан жерінен жер капсуласын алу мақсатында беларусьтік іздеушілерге жүгіндік.  Екі жауынгердің туыстары соңғы жылдары шетелге бара алмай отыр. Сондықтан, ен болмағанда жатқар жерінің топырағын әкелуді ұйғардық, - дейді Рафаэль Мұхамеджанов.

Қамбсамат Ахметов 1941 жылы 32-ші атқыштар дивизиясына шақырылды. Бұл әскери құрылым 1942 жылдың күзінде 43-ші әскер құрамына еніп, Калинин майданында соғысты. Кейін Новосокольник-Великие Луки темір жолының бойындағы шайқасқа қатысып, ауыр жарақаттанды. Арда азамат госпитальде көз жұмып, Мәскеу түбіндегі Тверь қаласында жерленді. Зауарья Армизов 1941-1944 жылдар аралығында бөлек артиллериялық дивизион құрамында болды. Соғыс жылдары Беларусь жеріндегі ұрыстарға қатысты. 1944 жылы Могилев ауданының Горец ауданында ерлікпен қаза тапты. 

Айта кетейік, «Панфиловшылар» жасағы 160-тан астам жауынгердің сүйегін көтерді. Халықаралық экспедициялар барысында қазба жұмыстарынан бөлек мұрағаттық зерттеулер жүргізіледі. Жергілікті жасақ белсенділері ортақ мақсат жолындағы шетелдік әріптестерімен берік қарым-қатынас орнатқан.

Тарихқа көз жүгіртсек, Павлодар жерінен кескілескен соғысқа 46 мыңнан астам ер-азамат аттанған. 20 мыңнан астамы майдан даласында көз жұмған. Бүгінгі күнге дейін олардың басым бөлігі хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы