Соғысқа қатысушылар туралы электрондық деректер базасын құру керек – депутат
Нурия Ниязова еліміздің ерлікке толы жылдарын есте сақтау үшін соғысқа қатысқан қазақстандық сарбаздар туралы бірыңғай электрондық деректер базасын құру маңызды деген ойда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол өзінің депутаттық сауалында осындай дерекқор біздің отандастарымыздың есімдерін мәңгілікке қалдыру құралы ғана емес, сонымен қатар тарихи зердені болашақ ұрпаққа жеткізу үшін маңызды қадам болатынын атап өтті.
Сенатор «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің жұмысын мысалға келтірді. Ол бірлестіктің миссиясы – жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту арқылы мемлекетке тарихи жадыны сақтауға жәрдемдесу екенін атап өтті.
Жеңістің 80 жылдығына дайындық аясында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Қазақстаннан шақырылған сарбаздар мен офицерлер туралы электрондық деректер базасын құру туралы бастама көтеріп отыр. Сенімді ақпараты бар ұлттық тұғырнама олардың есімдерін келесі ұрпаққа жеткізу үшін сақтап отырады және олардың ерлігін паш етеді. «Батыс Қазақстан – Сталинград шайқасы маңындағы аймақ» халықаралық әскери-тарихи экспедициясын өткізу маңызды. Бөкей ордасы ауданында зерттеу мен мәңгілікке қалдыруды қажет ететін 50 қабір бар. Қазақстан аумағындағы эвакуациялық госпитальдардың тарихын зерделеу қажет. Соғыс жылдарында Қазақстанда 150 000-ға жуық жаралылар емделді, олардың көпшілігі қаза тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сонымен қатар, қолда бар мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтармен қоса 2 миллионнан астам қызыл әскер Еуропада белгісіз жауынгер ретінде жерленген. Жоба атауларды қалпына келтіруге және Қазақстанның қосқан үлесін халықаралық мойындауды нығайтуға мүмкіндік береді. Үкіметке «Atamnyn Amanaty» ҚБ бастамаларын қолдауды және оларды іске асыруға жәрдемдесуді ұсынамыз, - деді сенатор.