Соғыс жаңғырығы: Елімізге 1942 жылы қаза болған жауынгердің сүйегі жеткізілді
Атырау қаласына Әуе қорғанысы күштерінің арнайы әскери-көліктік ұшағымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Қисым Әдиевтің сүйегі жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің, қалалық әкімдіктің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері және «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары қатысты.
1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Қисым Әдиевтің сүйегін «Феникс» жасағының іздеушілері Смоленск облысы Темнин ауданы Батюшково ауылынан тапқан болатын. Жауынгер жау оғынан мерт болған күйі табылған.
1911 жылы туған Қисым Әдиевті медальоны арқылы анықтай алған. Бастысы қызыләскердің туыстарының тез табылғаны қуантады. Біз қаза тапқан жауынгердің ұлы Сембай Қисымовқа әкесінің «Шагнувший в бессмертие» медалін қоса табыстадық, – деп атап өтті Аtamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі баспасөз қызметінің басшысы Әбубәкір Смайылов.
Қисым Әдиев 80 жылға жуық уақыт хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған. Ол майданға кеткенде артында әйелі мен ұлы Сембай қалыпты.
Менің екі жасымда әкем майданға кетіп, қайтып оралмады. Іздеушілер мен Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне алғысым шексіз, – деді Сембай Қисымов.
Жауынгерлік дәстүрге сәйкес қызыләскердің сүйегі мен дулыға, медальон секілді жеке заттары туыстарына табыс етілді. Енді сарбаз туған жерінде әскери құрметпен қайта жерленеді.