Соғыс көрген азаматтар Мемлекет басшысына сенім артып отыр – Бақытбек Смағұл
Бұл туралы Қазақстан ардагерлері қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қауымдастықтың бүгінгі отырысында халқымыз үшін аса маңызды мәселе – Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы президенттікке ұсынылып, тиісті қаулы шығарылды. Сайлаудың жақындауына байланысты еліміздің барлық өңірлерінің Ауған соғысының ардагерлері, Таулы Қарабақ қақтығысында болған республикалық қоғамдық ұйым төрағалары қауымдастық аясында өздерінің Мемлекет басшысына деген сенімін білдіріп отыр. Себебі алмағайып, қиын заманда әлемдік деңгейде үлкен саясаткер, білікті басшысының осы уақытқа дейін көрсеткен ерлігін жоғары бағалап, әлі де болса сол жауапкершілікті бірге атқаруда. Бүгінгі таңдағы еңсесі биік елдіктің, берекесі бүтін бірліктің болуына, ұлт болып ұйысып, бір шаңыраққа сыйысуына, руымызды емес, рухымызды ойлайтын шақта рухы биік азаматтар ел болашағының бұлыңғыр болмауы үшін бірліктерін көрсетіп отыр, - деп атап өтті қауымдастық басшысы Қазақстан ардагерлер қауымдастығының отырысынан кейін сұхбатында.
Айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ардагерлер бір ауыздан қолдауда.
Реформалардағы, Жолдаудағы мақсат-мұраттардың барлығына бірге жетуге жұмылып, халықпен бірге Президенттің жанынан табыламыз деген ойдамын. Ел үшін қиын шақтарда өмір көрген азамат ретінде біздің соғыс көрген азаматтар ерекше көзқараспен үлкен жауапкершілікті мойындарына алды, - деді Бақытбек Смағұл.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан ардагерлер қауымдастығы президенттікке кандидатты ұсынғаны туралы жазған болатынбыз.