Бүгiн 2026, 15:34 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Соғыс кезінде мұндай болмаған шығар": Алматы тұрғыны аурухананың жай-күйіне таңғалды

Алматылық тұрғын аурухананың ескірген ғимаратын көрсетті.

Алматылық Раушан есімді тұрғын қаланың Түрксіб ауданында орналасқан №8 аурухананың жай-күйіне таңғалды. Қала тұрғыны жариялаған видеода аурухана ғимараты ескіргенін көруге болады. 

Раушан ханым бүйрегі шаншып, жедел жәрдем шақыртқан. Өзі Алатау ауданында тұрғанымен мамандар оны Түрксіб ауданына қарасты №8 ауруханаға апарған. Алайда Раушан аурухананың жай-күйін көріп, қатты таңғалған.

Фото: видеодан скриншот

Мынандай аурухананы өмірімде бірінші рет көріппін. Революция, соғыс жылдары мынандай аурухана болмаған шығар. Есіктері бір ғасыр бұрынғы. Дәліздегі едендер біздің бала кезіміздегі тұтастырғыштар (стяжка). Қатты таңғалып отырмын. Сталиннің кезіндегі едендер. Құдды аурухана емес музей секілді, - дейді Алматыда 40 жылдан бері тұратын Раушан. 

Фото: видеодан скриншот

Оның сөзінше, аурухананың сырты да жөндеуді қажет етіп тұр. Алайда желі қолданушылары ғимараттың өзі ескі болғанымен, ол жерде жұмыс істейтін мамандар білікті екенін атап өткен. 

Жөндеу жұмыстары жүргізіле ме? 

Бұл жағдайға қатысты Алматының денсаулық сақтау басқармасына пікір білдіруін сұрап, сауал жолдадық. Басқарма өкілдері биыл жыл басында Алматыда №8 қалалық клиникалық аурухананы ауқымды қайта жаңғырту жоспарланып отырғанын хабарлағандарын атап өтті. 

Жобаның алғашқы кезеңінде 1972 жылы бой көтерген, бүгінде пайдаланылмай тұрған ғимараттарды қайта жаңғыртып, ересектерге арналған 150 орындық көпбейінді стационар ашу жоспарланған.

Сонымен қатар осы кезең аясында қабылдау бөлімінің жаңа ғимаратына қосымша құрылыс жүргізу көзделіп отыр. Нәтижесінде пациенттер диагностика мен ем-дом шараларынан «бір терезе» қағидаты бойынша (Check-up) өте алады.

Жобаның екінші кезеңінде қолданыстағы корпусты 150 орындық балалар ауруханасына қайта жаңғырту қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биыл маусым айында жобаның мемлекеттік сараптамасының қорытындысы алынады, содан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын көрінеді.