Нығматулиннің сынынан кейін министр қызметкеріне сөгіс берген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігі "Жас маман" бағдарламасын уақытында орындамаған қызметкерлерінің біріне сөгіс жариялапты.
Бұл туралы бүгін тілшілерге ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты.
"Жас маман" бойынша тиісті сөгіс жарияланды. Одан кейін істелініп жатқан жұмыс толық реттелді, бұйрық шығарылды. Жалпы, жұмыс толығымен басталды", - дейді Шолпан Каринова.
Осы ретте вице-министрден нақты кім екенін сұрағанымызда толық жауап берген жоқ.
"Министрлікте осы жұмысқа жауапты бір адамға сөгіс берілді", - деп жауабын қысқа қайырды.
Айта кетейік, жақында Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин Елбасының берген тапсырмасын уақытында орындамаған Білім және ғылым министрлігін сынға алған болатын.
Мәжіліс төрағасы жастар жылының ашылуы рәсімінде Елбасы "Жас маман" бағдарламасын дайындау үшін үкіметке тиісті тапсырмалар бергенін еске салып, оны министрлік 9 ай бойы орындай алмағанына шүйліккен еді.