Содырлар пойызға шабуыл жасап, жолаушыларды кепілге алды
Пәкістанның Белуджистан аймағында қарулы содырлар жүздеген жолаушысы бар пойызға шабуыл жасап, бірнеше адамды кепілге алды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Әскери дереккөздерге сілтеме жасаған BBC агенттігінің мәліметінше, Белуджистан азаттық армиясының (BLA) содырлары Кветтадан Пешауарға бара жатқан "Джаффар Экспресс" пойызын атқылаған.
Сепаратистік топтың мәлімдемесінде олар пойызға шабуыл жасамас бұрын теміржолды жарып жібергенін және пойыздың өз бақылауында екенін айтқан.
Пәкістан полициясы жергілікті журналистерге кемінде үш адам, оның ішінде пойыз машинисі жарақат алғанын хабарлады. Полицияның айтуынша, оқиға орнына кепілдегі адамдарды құтқару үшін қауіпсіздік күштері мен тікұшақтар жіберілген.
Белуджистан үкіметінің өкілі жергілікті Dawn газетіне берген сұхбатында пойызға қарқынды оқ атылғаны туралы хабарлаған. AFP ақпарат агенттігінің дерегінше, жоғары лауазымды полиция қызметкері пойыздың "тау арасындағы туннельдің дәл алдында тоқтап қалғанын" айтқан.
BBC-ге жоғары лауазымды әскери шенеунік Кветтадан шыққан пойызда 100-ден астам әскери қызметкер болғанын растады.
Белуджистан азаттық армиясы кепілге алынғандарды босатуға талпыныс жасалса, "ауыр салдары болатынын" ескертті.
Бұл топ Белуджистанның тәуелсіздігі үшін ұзақ жылдар бойы көтеріліс жүргізіп, полиция бөлімшелері, теміржол желілері мен тас жолдарға жиі шабуыл жасап келеді. Пәкістан билігі және Ұлыбритания мен АҚШ сияқты бірнеше батыс елдері BLA-ны лаңкестік ұйым деп таныған.