Соғыс және тыл ардагеріне сый-құрмет көрсетілді
Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов соғыс және тыл ардагерінің үйіне арнайы барып, Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Шалғай аймақтан 1942 жылы әскер қатарына шақыртылғандардың бірі – 96 жастағы Қамқа Үмбеталина. Ол ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде 9-шы әуе әскерінде 1-ші Қиыр Шығыс майданында ұшқыш болып қызмет еткен. Ұшаққа жарылғыш және тез тұтанғыш бомбаларды тиеп, оны жау жеріне тастауда ерекше ерлік көрсеткен батыр әжей бүгінде Ақтау қаласында тұрады.
Маньчжурия, Украина мен Қиыр Шығыста өткен сұрапыл шайқастарға қатысып, елге жеңіспен оралған Қамқа Үмбетәлина соғыстан кейін білек сыбанып, еңбекке белсене араласты. Маңғыстау және Атырау аймақтарының қара алтынын игеруге атсалысып, «Бұрғылау алаңының ханшайымы» атанды.
Өзінің айтуынша, бейбіт өмірдің қадірін ерте түсінген екен. Небәрі 18 жасында от кешті. Әскери оқу-жаттығудан өткен соң неміс басқыншыларына әуеден шабуыл жасау үшін 4-ші Украина майданына жіберіледі. Қиын кезеңде қаршадай қыз ауыр бомбаларды ұшақтарға қолмен тиепті.
«Жастықтың әсері ме ештеңеден қорықпаймыз, ойымызда тек Отанымызды жау қолынан қалай да аман алып қалу ғана болды. Бәрімізге парашюттан секіруді үйретті ғой. Самолетке оқ тиіп құлағанда, қорықпай жерге секірудің маңыздылығын түсіндік. Өйткені, есін жоғалтпаған адам ғана тірі қалады. Ол кезде әрбір кеңес жауынгері ерлікке дайын болатын. Сондықтан да жауды біз жеңдік», - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері.
Қамқа Үмбеталина жеңісті Қиыр Шығыста жүріп қарсы алған. Алайда ол үшін соғыс әлі аяқталмаған болатын. Жауынгер қыз жапондарға қарсы ұрысқа да араласты. Бірде жау жеріне бомба тастап келе жатқанда ол мінген ұшаққа снаряд тиіп, өртенеді. Тұтқынға түсіп қалмау үшін экипаж Кеңес жеріне жеткенше жанып жатқан ұшақта отыра берген. Тек қауіпсіз аймаққа кірген соң ғана барлығы парашютпен жерге қарғыған.
«Уссурийская Тайга деген елсіз жер бар. Іші толған аю мен жолбарыс. Менің парашютім ағашқа ілініп қалды. Қас қарайып келеді, алдымыз түн. Жерге түссем жыртқыш аң жеп қояр ма деп қауіптеніп, жіпке салбырап тұра бердім. Бір жақсысы, күн жылы болатын, тамыз айында. Бір мезет жерге қарасам қасында иті бар бір шал келе жатыр. Дауыстап шақырып, көмек сұрадым. Жерге дін-аман түстім», - дейді батыр әжей.
Соғыстан соң Қамқа Үмбетәлина қазақ мұнайын игеруге атсалысты. Әлі күнге дейін қимылы ширақ, өз бетімен еркін қозғалады. Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын хабарласып қол ұшын берсе, жас мұнайшылар ақыл сұрап хабарласып тұрады.
Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі мен жеңісті жақындатуға қосқан үлесі де аз емес. Майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақтылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалап, тылда толассыз еңбек еткен жандардың бірі – Табынды Оржанов. Болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерге облыс басшысы жылы лебізін білдірді.
«Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс», - деді Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде тыл еңбеккері естелігімен бөлісіп, көпке ізгі тілегін айтты. Соғыс кезінде Маңғыстаудан майданға 6 мыңнан астам жауынгер аттанған еді. Өкінішке қарай, олардың 4800 адам жақынына оралмады. Жеңіс үшін қасық қаны қалғанша күрескен майдангерлер есімі мен ерлігін жас ұрпаққа паш ету үшін Ақтаудағы «Мәңгілік алау» маңына «Мәңгілік даңқ» тақтайшасы орнатылды. Мұнда аймақ тұрғындары аталары мен апаларының фотосуреттері мен ерлігі туралы естеліктерді іліп қойған.