Соңғы қоңырау сыңғыры. Кешігіп жеткен мереке. Фоторепортаж
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқумен ерекшеленді. Дәстүр бойынша жыл сайын 25 мамырда өтетін соңғы қоңырау кешігіп, 3 маусымда соғылды. Республика бойынша барлық мектеп санитарлық талаптарды сақтап, түлектерге аттестат тапсырды. Елордалық мектептердің бірінде өткен аттестат тапсыру мен соңғы қоңырау шарасын сурет арқылы назарларыңызға ұсынамыз.
Елордадағы №66 мектеп-лицейін биыл 114 түлек тәмамдады. Оның ішінде 8 оқушы "Алтын белгі" болса, 3 түлек үздік аттестат иегері.
Осы жерде нақтылап өтсек, "Алтын белгі" 5-сыныптан бастап үздік бағаға оқыған түлектерге берілсе, үздік аттестат соңғы екі жылда, яғни 10-11 сыныптарда "5" деген бағаға оқығандарға үлестіріледі.
Бұл соңғы қоңыраудың өткізілу тәртібі де өзгеше. 11-сынып оқушыларымен қоштасу 4-ке бөлінді. Әр марапат сайын 30 минут үзіліс болды. Алдымен 30 түлекке құжаттар тапсырылып, кейінгі кезекті 33 бала күтіп тұрды.
Түлектер арасында әлеуметтік арақашықтық сақталып, ата-аналар мен оқушылар маска тағуға міндетті болды.
Мектеп инспекторы мен мейірбикелер іс-шараның өтуін қадағалады.
Мектеп директоры Айтжан Шаяхметова елдегі пандемия білім беру саласына өзгеріс енгізгенін атап өтті.
Еліміздің барлық мектептері қашықтан оқу тәртібіне көшті. Сондықтан да осы түлектер өміріндегі маңызды кезеңдерінің бірі оқу бітіру маусымының соңғы тоқсанын онлайн оқып, мектепке келе алмады. Бірақ осы тұрған шәкірттеріміз кездейсоқ қиындықтарға төтеп беріп, жауапкершілік пен адамгершілік, төззімділік пен еңбекқорлықты таныта алды. Түлектер – қайсар мінезді, ойлы, білімді, ұлтжанды, жалынды азаматтар, - деді Айтжан Шаяхметова.
Сондай-ақ, директор мектеп бітірушілерге арман-мақсаттарға жету үшін аянбай еңбек ету керектігін айтты.
Ұстаздар берген білімді ақтайтын, ата-анасының ақ батасын алатын түлектер әлемді, қоршаған ортаны бақытты қылуға атсалысады деп ойлаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өтіп, әрқайсысыңыз өзіңіз таңдаған мамандықтың шебері болатыныңызға сенімдімін. Қош, сау бол, 2020 жылғы түлек, - деді мектеп директоры.
Өз кезегінде 11 "ә" сыныбының жетекшісі түлектерге жылы лебізін білдірді.
Бүгін сіздер үшін өте маңызды күн. Алдарыңызда биік белестер тұр. Алтын ұя мектептеріңізден қанат қағып, ұшқалы тұрсыздар. Ешқашан қанаттарыңыз талмасын. Өмірдегі барлық қиындыққа осы еліміздегі қиындықты еңсергендей, ештеңеден қорықпай, қайсарлықпен еңсеріп, еліміздің биік тұлғалы азаматы болуларыңызға тілектеспін. Жолдарыңыз ақ болсын! - деді ол.
"Алтын белгі" иегері Сағида 11 жылда әрбір оқушы үлкен өмірге тәжірибені мектептен жинайтынын айтты.
ҰБТ-ға дайындалып жатырмын. Меніңше, бұл өмірдің бастапқы кезеңдерінде кездесетін кішігірім сынақ. Одан сүрінбей өтемін деп ойлаймын. Инженер мамандығын таңдап отырмын. Себебі менің анам да инженер. Анамның жолын жалғастырсам деймін. Оқуға Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетіне түскім келеді, - деді Сағида Қамалова.
Жалғыз қызына үлгі болып отырған "Алтын белгі" иегерінің анасы Гауһар Қамалова ұстаздарға деген құрметі арта түскенін жеткізді.
Елімізде төтенше жағдай болса да, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, соңғы қоңырау мерекесін өткізуге рұқсат бергендері үшін ел билігіне алғыс айтамыз. Ұл-қыздарымыздың бақытты сәтін баршамыз тамашалап отырғанымызға қуаныштымыз. Қазір қызым ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Барлық жас түлектерге сәттілік тілеймін. Бүгін менің қызым "Алтын белгі" иегері болды. Мен үшін бұл – үлкен бақыт. Қазақстандық ұстаздарға алғыс білдіреміз. Себебі пандемия кезінде мұғалімдердің жұмысының қадірін ерекше түсіндік. Оған көзіміз жетті, - деді ол.
Биыл баласы оқу бітіріп жатқан ата-аналардың бірі Сәуле Қорғанқызы түлектердің ҰБТ-дан сүрінбей өтулеріне тілекстес екенін білдірді.
Ал медицина мамандығына бет бұрғысы келетін жас түлек Аружан Жеделханқызы 1 қыркүйекте енді мектеп табалдырығын аттамайтынына күйінетінін айтты.
Білім күні мектепке келуге етіміз үйреніп қалды. Осы жыл бізге ерекше болмақ. Себебі үлкен өмірге қадам басып жатырмыз. "Әр істің қайыры бар" демекші, болып жатқан жағдайдың барлығы оңтайлы көрсеткіш береді деп ойлаймын. Қазір мен химия-биология пәнін таңдап отырмын. Елордадағы медицина университетіне түскім келеді, - деді жас түлек.
Салтанатты шара аяқталған соң мектеп түлектері оқу ордасының алдында естелікке ағаш отырғызды.