Смышляева: Сенат енгізген түзетулер ЖИ туралы заңның мазмұнын өзгертпейді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Сенат енгізген «Жасанды интеллект туралы» және оған қатысты бірқатар заңнамалық актілерге түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляеваның айтуынша, Сенат барлығы 16 түзету енгізген, алайда олардың ешқайсысы заңның мәні мен мазмұнын өзгертпейді.
Барлық түзету редакциялық және нақтылау сипатында. Бұл өзгерістер заңды қолдануға әсер етпейтіндіктен, Парламент Сенаты енгізген түзетулермен келісу орынды деп санаймыз, - деді Смышляева.
Оның айтуынша, түзетулердің мақсаты – заң мәтінін нақтылау және техникалық қателіктерді түзету. Яғни олар жасанды интеллект саласындағы реттеу нормаларына ықпал етпейді. Осылайша, заң Сенат ұсынған редакциялық түзетулерді ескере отырып қабылданды және Қазақстандағы жасанды интеллект технологияларын дамыту мен қолдануға қатысты бастапқы қағидаларды сақтап қалды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жасанды интеллект жүйелерін міндетті сақтандыру енгізілмейді. Бастапқы кезеңде бұл салада тек ерікті сақтандыру тетігі қолданылады, өйткені сақтандыру нарығы әлі мұндай жаңа өнімдерге дайын емес.
Жасанды интеллектінің енгізілуі жаппай жұмыстан босатуға әкелмейді.
Белгілі болғандай, Қазақстан қазақ тілінде сөйлейтін жасанды интеллект жүйесін әзірлеп жатыр.