Бүгiн 2026, 11:20 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Смайылов Ұлттық қор қаражатын соңғы алушыға дейін цифрлық бақылауды ұсынды

Пайдаланбаған қаражат инфляцияның әсерінен қорғалуы үшін инвестициялануы қажет.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын басқару жүйесінде қаржының соңғы алушыға дейінгі қозғалысын толық цифрлық бақылауға алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның пікірінше, қаражатты жоспарлаудан бастап, нәтижелерді мониторингтеуге дейінгі барлық үдеріс автоматтандырылуы тиіс.

Мониторинг қаражаттың игерілуіне емес, нақты нәтижелерге негізделуі керек. Мысалы, инфрақұрылымның тозу деңгейінің төмендеуі, өндірістік қуаттардың артуы, халықты жұмыспен қамту ауқымының кеңеюі, көрсетілетін қызметтердің сапасының жақсаруы сияқты көрсеткіштер бағалануы қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол Ұлттық қордың пайдаланылмаған қаражатын қорға қайтару тетігін жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Палата төрағасының айтуынша, қолданыстағы рәсім пайдаланылмаған қаражатты Ұлттық қорға қайтармауға мүмкіндік береді. Ал бұл – айтарлықтай көлемдегі қаржы.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына тоқталды.

Оның пікірінше, кәмелетке толған азаматтар пайдаланбаған қаражат инфляцияның әсерінен қорғалуы үшін инвестициялануы қажет.

Мұндай тәжірибе талап етілмеген зейнетақы активтеріне қатысты қазірдің өзінде қолданылып келеді, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.