Смайылов Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Үкіметтің рессми сайты жазды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Smart Data Ukimet мемлекеттік платформасын дамыту аясында әлеуметтік қолдау шараларын проактивті түрде тағайындау үшін «Отбасының цифрлық картасы» ақпарат жүйесі әзірленгенін айтты.

Еліміздің барлық азаматтары жүйеде 5,9 млн отбасыға, экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық көрсеткіштері мен білімі бойынша 5 санатқа бөлінген. Осы мәліметтер негізінде қажетті қолдау шаралары анықталады, содан кейін азаматтарға оларды қабылдау туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

Осылайша, 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде 5 түрлі жәрдемақы: бала туу және оның күтімі, мүгедектігі бар баланың күтімі, жұмыссыздық және мүгедектік бойынша жәрдемақылар тағайындалады. Жыл соңына дейін тағы 5 қызметті қосу жоспарланып отыр: асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, көп балалы аналарға жәрдемақы, АӘК, Күміс немесе Алтын алқамен марапатталғандарға жәрдемақы, сондай-ақ зейнетақы төлемдері.

Премьер-Министр жүргізіліп жатқан жұмысты қолдап, мәліметтерді тиімді талдау және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бірыңғай платформа базасында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясын жандандыруды тапсырды.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің, ведомствоға қарасты және медициналық ұйымдарының барлық ақпараттық жүйелерін біріктіретін eHealth электрондық денсаулық сақтау архитектурасын дамыту мәселелері талқыланды. Бұл азаматтардың ұлттық электрондық денсаулық паспортын толыққанды қалыптастыруға ықпал етіп, әрбір нақты адамның қажеттілігіне бағдарланған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, сондай-ақ жалпы пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауға көшуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ отырыста бесінші буындағы 5G/IMT ұялы байланыс стандартын енгізу мәселесі қаралды. Жақын арада тиісті радиожиіліктерді бөлу бойынша ашық аукцион өткізіледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметтері бойынша, бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында оған 100-ге жуық компания қатыса алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы