Смайылов «Trafigura» компаниясының атқарушы директорымен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 сәуірде Үкімет үйінде Премьер-министр Әлихан Смайылов «Trafigura» компаниясының атқарушы директоры Джереми Вейрмен кездесті.
Әңгіме барысында Ә. Смайылов пен Д. Вейр көмірсутек саудасы, көлік-логистика секторы, жаңартылатын энергетика, экономиканы декарбонизациялау және т. б. салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Үкімет басшысы еліміздің экономикалық қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында компанияның әлемдік нарықтардағы тәжірибесі мен мүмкіндіктерін ескере отырып, өзара тиімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде Д. Вейр Қазақстанның даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Біз сенімді серіктес бола аламыз және сіздерге халықаралық нарықтарға шығуға көмектесуге дайынбыз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар, — деді ол.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша бірлескен консультациялар өткізуге уағдаласты.
«Trafigura» компаниясы – шикізат тауарлары нарығындағы халықаралық трейдер және әлемнің 55 елінде кеңселері бар.