Смайылов: ТМД-да өзара сауда-саттықтағы шектеулерді жою жұмыстарын күшейтуіміз қажет

Сочи қаласына (РФ) жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Шағын құрамда өткен кездесуде тараптар ТМД-дағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, қызметі және оларды жүзеге асыру туралы келісімді талқылады. 

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Достастық елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға баса назар аударылды. Әлихан Смайылов өз сөзінде ТМД интеграциялық байланыстарды тереңдету және көпжақты ынтымақтастықты сақтау үшін маңызды алаң ретінде қала беретінін атап өтті. 

Қазақстан осы алаңдағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге, Достастықтың әлеуетін нығайтуға және мүмкіндіктерін ашуға мүдделі, — деді ол. 

Премьер-министр негізгі бағыттардың бірі өзара сауда айналымының көлемін арттыру екенін баса айтты. 

Өткен жылы Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымының көлемі 9%-ға өсіп, $36 млрд-тан асты, бұл ретте осы жылдың алғашқы 3 айында 9% деңгейінде өсім тіркелді. 

Бұл көрсеткіштің артуы негізінен ТМД-ның еркін сауда аймағы туралы келісімді жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар қазіргі жағдайда біз ТМД елдерінде өзара сауда-саттықтағы тосқауылдарды, шектеулерді жою бойынша жұмысты айтарлықтай күшейтуіміз қажет, — деді Әлихан Смайылов. 

Кездесу нәтижесінде бірқатар келісімдер мен басқа да құжаттарға қол қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы