Смайылов теміржол жүк тасымалындағы кедергілерді жоюды тапсырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы.

Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Премьер-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы