Смайылов Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Премьер-министрлерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммитте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның Үкімет басшыларымен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы мен транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастық, сондай-ақ су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы өзара сауда-саттық көлемінің 33%-ға артып, $4,3 млрд-қа жеткені, ал биылғы 4 айда тауар айналымы 24,5%-ға өсіп, $1,4 млрд құрағаны айтылды.

«Өзара сауда көлемін $10 млрд-қа жеткізу туралы екі ел басшылары қойған міндетті іске асыру бізден кешенді тәсілдерді талап етеді. Ол үшін Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық әлеуеті жеткілікті. Осындай тұрақты кездесулер қазақ-өзбек қатынасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп санаймын», — деді Әлихан Смайылов.

Қырғызстанның Министрлер кабинетінің Төрағасы Ақылбек Жапаровпен кездесу аясында сауда және инвестициялар, аграрлық сектор мен су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қатысты екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды.

«Қырғызстан – өңірдегі негізгі саяси және экономикалық әріптестердің бірі. Бүгінде екі ел арасындағы екіжақты байланыстар барлық салада табысты дамып келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Келіссөз барысында өзара саудада белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді арттырып, оң динамиканы сақтау және тауар айналымын ұлғайту қажеттігі атап өтілді.

Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, АӨК-те бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ өнеркәсіп пен су саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстанның Тәжікстанмен ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Екі елдің Үкіметі қойылған міндеттерді табысты орындап келеді. Бірлескен шаралардың арқасында 2021 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 есе өсіп, 1,1 млрд долларға жетті. Енді алдымызда бұл көрсеткішті 2 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін бізде қажетті ресурстардың бар екеніне сенімдімін», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Еске сала кетейік, 16 маусымда «COVID-тен тыс жерде – Орталық Азияны әділдік негізінде қалпына келтіру жолында» тақырыбындағы Тұрақты даму мақсаттары бойынша екінші өңірлік саммит жұмысын бастады. Саммитті ҚР Үкіметі Еуропалық одақ пен Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікте ұйымдастырды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы