Смайылов орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді
Премьер-Министр Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
26 мамырда өткен жиынға Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері қатысты.
Кездесуге қатысушылар жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну, субсидиялаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, өндірісті жаңғырту және автоматтандыру, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, жер ресурстарының қолжетімділігі, шағын өнеркәсіп аймақтарын дамыту, өндірістегі отандық үлесті арттыру, экспортты қолдау, жосықсыз бәсекемен күрес және басқа да бірқатар мәселені талқылады.
«Еңбек», «Қазақстанның жылыжай технологиялары», «СНН», «Turkey PVL», «Радуга», «Asyl Farms», «Адал-Агро», «Asyl Farms», «TEHNOPARK KZ» және т. б. компаниялардың басшылары сөз сөйледі. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары көтерілген тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі түсініктемелер берді.
Атап айтқанда, кездесу барысында бірнеше түйткілді мәселені шешу жолдары айқындалды, қалғандары бойынша Премьер-Министр уәкілетті ведомстволарға тиісті пысықтау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Әлихан Смайылов Үкімет орта бизнестің жаңа өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдайтынын атап өтті.
Ол үшін өндіріс циклінің барлық кезеңінде яғни, шикізат базасынан бастап дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға дейін қолдау көрсетіледі, — деді Премьер-Министр.
Биыл индустрияландыру желісі бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға 170 жобаны, АӨК-те жалпы құны 540 млрд теңге болатын 300 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар салықтық және кедендік артықшылықтар тізбесі, оның ішінде дайын өнімді экспорттаушылар үшін кеңейтілуде. Жергілікті деңгейде жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу және әкімдіктердің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша қолдау көрсетіледі.
Әлихан Смайылов мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру да маңызды бағыт екенін атап өтті.
Мемлекеттен қолдауға ие болған бизнес субъектілері өз өндірісін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім шығару көрсеткішінің өсуін қамтамасыз етуге тиіс. Мұнда ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге басымдық беру керек. Әрбір жоба бойынша нақты экономикалық нәтижеге қол жеткізу керек, бұл экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға үлес қосады, — деді Үкімет басшысы.