Смайылов өңір әкімдеріне қар шығару жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды. Дегенмен, бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдай қалыптасқанын бәріміз көрдік, – деді ол Үкімет отырысында.
Премьердің айтуынша, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді, кей жерлерде олар мүлдем жоқ.
Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды. Сондықтан, арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын. Қазгидрометтің болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Бұған дайын болу керек, – деді Әлихан Смайылов.